18 ақп, 2026 сағат 16:21

Әскердегі әлімжеттік: реформа мен шындықтың арасы

Фото: Ашық дереккөз

Қазақстан армиясында тағы бір даулы оқиға қоғамды алаңдатты. Гвардейск гарнизонында мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаздың жақ сүйегі сынып, мұрны сынғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Кейін белгілі болғандай, ол қазір Алматы қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдап жатыр. Ал әскери полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастаған. Осы орайда Ult.kz тілшісі әскери реформа мен шындықтың арасын саралап көрді.

Жарақат, жасырыну, жауапкершілік

Жоғарыда атлған оқиға бойынша алғашқы мәліметтерде сарбазға операция жасалғанымен, толыққанды медициналық бақылау ұйымдастырылмағаны айтылды. Туыстары оны бір пәтерде ұсталған күйде тапқан. Қосымша тексеріс барысында жасалған операцияның дұрыс жүргізілмегені анықталғаны да хабарланды.

27 қаңтар күні Гвардейск гарнизонының әскери полициясы әскери қызметшіге физикалық күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекеттерімен қатар, жоғары басшылыққа дер кезінде баяндама жасамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды адамдардың да жауапкершілігі қаралатыны мәлімделді. Бірқатар офицер уақытша қызметінен шеттетілген.

«Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың, сондай-ақ әскери бөлімде жарғыдан тыс қарым-қатынас фактісі туралы жоғары басшылыққа дер кезінде баяндама жасамаған және медициналық көмекті ұйымдастырмаған лауазымды адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – делінген әскери полицияның хабарламасында.


Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде ем алып жатқан қатардағы жауынгер Есбол Қапардың жағдайы, дәрігерлердің айтуынша, тұрақты. Жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатов сарбаздың жалпы жағдайы қанағаттанарлық екенін, оңалту шаралары толық көлемде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Госпитальге түскен кезде оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды. Емдеу толық көлемде жүргізілуде. Қазіргі таңда халінің жақсарғаны байқалады. Психологиялық жағдайы тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары қалпына келіп келеді. Жақын арада бекітуші шиналар алынады. Әскери қызметші физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру шараларынан өтуде. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді», – деді Владислав Мусатов.


Алайда қоғамды толғандырған мәселе – бір сарбаздың жарақаты ғана емес, осыған ұқсас оқиғалардың жиілеп кетуі.

Өлім статистикасы және сенім дағдарысы

Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы ер азаматтарға әскери міндеттілік жүктелген. Жыл сайын екі шақырылым кезеңінде ондаған мың жас әскер қатарына алынады. Ресми идеологияда бұл – абыройлы борыш. Қызметтен кейін білім мен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

Бірақ іс жүзінде көптеген жас әскерден жалтарудың жолын іздейді. Себеп – бір жылдық үзіліс қана емес, әлімжеттік пен қауіпсіздікке қатысты қорқыныш.

Ресми мәліметтерде мұндай құбылыс 2010 жылдары жүргізілген реформалардан кейін жойылды делінгенімен, қоғамда оған сенім аз. 2025 жылғы 28 тамыз – 10 қыркүйек аралығында DEMOSCOPE бюросы жүргізген зерттеу нәтижесі осы күдікті күшейте түсті. Респонденттердің 37,8 пайызы армиядағы зорлық пен бейресми билік құрылымдарының деңгейі жоғары деп санайды. 34,9 пайызы сыбайлас жемқорлықты, 30,9 пайызы материалдық-техникалық базаның ескіруін басты проблема ретінде атаған.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 66,9 пайызы армия елді қорғауға қабілетті деп сенгенімен, 26,2 пайызы күмән келтірген. Бұл қоғам санасындағы екіұдай көзқарастың айқын көрінісін көрсетеді.

Соңғы жылдары бейбіт уақытта әскери қызметшілердің қаза табуы қоғамда үлкен резонанс туғызды. 2020-2022 жылдар аралығында 259 әскери қызметші көз жұмған. 2023 жылдың басында тағы кемінде 11 өлім тіркелген. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев үш жыл ішінде 270 сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеген болатын.

2026 жылдың қаңтар айында ғана үш оқиға тіркелді: Шымкентте Ұлттық ұлан қызметшісі қайтыс болды, Өскеменде сарбаз оқ жарақатынан көз жұмды, Жамбыл облысында тағы бір әскери қызметші атыс қаруынан жараланып, қаза тапты. Ресми нұсқалар әртүрлі болғанымен, ата-аналар мен қоғам арасында «жарғыдан тыс қатынас бар ма?» деген сауал жиі қойылады.

«Әскердегі әлімжеттік туралы естіп жүрмін» деген Қазақстанның «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев аталған бағдарламаны толығымен зерттеу керегін айтады.

«Біздің кезімізде ондай болмаған еді. Қазір «қай жерден келдің, әкең кім, әкеңе жаз, ақша жіберсін» деп сұрап, әлімжеттік жасайды. Амалы жоқ сарбаз әке-шешесінен ақша сұрап хабарласады. Біздің жаңа Қазақстанға, әскердің жаңа сабына жаңа реформа керек. «Әскердегі нөлдік өлім» бағдарламасынан хабарым бар. Бірақ ол қалай болады? Қалай жүзеге асырады? Мен де шеттеп қалмаймын, атсалысамын, сөйлесеміз, талқылаймыз. Ниеттері жақсы, бірақ соны қалай істеуге болады, сөзбен ба, тілмен бе, жоқ, жарнамамен бе? Осы жағын анықтап алу керек», – дейді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.


Оның пікірінше, «Әскердегі нөлдік өлім» бастамасы дұрыс ниеттен туғанымен, оны іске асырудың нақты механизмі айқын болуы тиіс. «Жаңа Қазақстанға  – жаңа әскери реформа керек» деген генерал қоғам талқысынан тыс қалмай, ашық сараптама жүргізуді ұсынады.

«Нөлдік өлім» бағдарламасы – нақты тетік бар ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы қаңтардағы мәлімдемесінде әскерде әлімжеттікке, рушылдыққа, өңіршілдікке орын жоқ екенін қадап айтты және бұл мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді. Қорғаныс министрлігі бақылауды күшейтуге, мониторинг жүйесін жаңартуға және ашықтықты арттыруға уәде берді.

Бүгінде басты сұрақ, бұл бастамалар жүйелі өзгеріске ұласа ма? Әлде кезекті мәлімдемелермен шектеле ме?

Гвардейск гарнизонындағы оқиға – жалғыз дерек емес, қоғамдағы сенім дағдарысының көрінісі. Бір жағынан, армияның қорғаныс қабілетіне сенім бар. Екінші жағынан, сарбаз қауіпсіздігіне күмән күшейіп келеді. Егер «нөлдік өлім» ұран емес, нақты мемлекеттік саясатқа айналса ғана қоғам сенімі қалпына келеді. Әйтпесе әрбір жарақат пен әрбір қайғылы оқиға әскери реформаның қағаз жүзіндегі күйде қалғанын аңғарта береді.

Ақбота Мұсабекқызы