Фото: Gov.kz
Бүгін өткен дәстүрлі Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғаудың маңыздылығын тағы да атап өтіп, прокуратураға педагогтарды өздеріне тән емес жұмыстарға тарту фактілерін жоюды тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, аймақтарда әлі күнге дейін заң талаптары өрескел бұзылып отыр. Мысалы, жазда мұғалімдерді су қоймаларының қасында кезекшілікке қою, мектеп бітіру кештерінде немесе қалалық шыршаларды безендіру жұмыстарында пайдалану – заңға қайшы әрекет.
Аймағамбетов мектеп пен ата-ана арасындағы жауапкершілікті нақты ажырату қажеттігін де көтерді. Оның пікірінше, оқушы сабақтан тыс уақытта құқық бұзушылық жасаса, директорды немесе сынып жетекшісін жазалау – әділетсіз әрі заңсыз. Бұл қағидатты заңда нақты бекіту үшін арнайы түзетулер әзірленіп жатыр.
"Президент әрқашан педагогтар мен мектептерді қорғайды. Мұғалім өзіне қатысы жоқ оқиғалар үшін жауап бермеуі тиіс. Бұл – әділет мәселесі ғана емес, сонымен қатар мұғалім беделі мен ел дамуына тікелей әсер ететін фактор", – деді депутат.
Аймағамбетов былтыр мұғалімдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілгенін еске салды. Ол бұл бастама Президенттің тапсырмасынан кейін қолдау табатынына сенім білдірді.
Депутаттың айтуынша, білім беру – стратегиялық сала, мұнда мұғалім құқығын қорғаудан бастап мектептегі тамақтану сапасына дейінгі әрбір деталь – елдің болашағына салынған инвестиция.
