03 жел, 2025 сағат 10:50

«Astana Rich Village» ісі: 303 млн теңге заңсыз тартылған — тергеу аяқталды

Фото: ҚР ҚМА

Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Өзен көлік құрастыру зауыты» ЖШС басшылығына қатысты үлескерлік құрылыс аясында азаматтардың қаражатын заңсыз тарту фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ресми дерекке сәйкес, компания басшылығы екі жыл бойы Жаңаөзен қаласында «Astana Rich Village» тұрғын үй кешенін қажетті рұқсат құжаттарынсыз, жобалық-сметалық материалдарсыз, мемлекеттік сараптама мен авторлық қадағалаусыз салған.

Пәтерлерді нарықтан төмен бағамен сату туралы жарнамалар түрлі интернет-ресурстарға жарияланып, нәтижесінде 23 азаматпен жалған алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Заңсыз тартылған қаражат көлемі 303 млн теңгеден асқан.

Түскен ақша құрылыс материалдарын сатып алғандай етіп рәсімделіп, кәсіпорын кассасы арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тергеу бұл қаражаттың шын мәнінде жеке қажеттіліктерге жұмсалғанын анықтады. Тұрғын үй құрылысы аяқталмаған.

Жәбірленуші үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі мүлікке — тұрғын үй, пәтер, екі автокөлік және үш жер учаскесіне — тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес әзірге өзге ақпарат жария етуге жатпайды.