Фото: ашық дереккөз
Астанада бір топ адамның алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны үшін сот үкімі жарияланды. Істі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің елорда бойынша департаменті тергеген, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылы әйел адам ұлының атынан берілген сенімхат арқылы «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан 115 млн теңге көлемінде екі несие рәсімдеген. Несие «ДАМУ» қоры субсидиялаған жеңілдетілген бағдарлама аясында алынған. Ол үшін банкке жалған құжаттар мен мүлікті кепілге қоюға қатысты жалған бағалау актілері ұсынылған.
Кейін күдіктілер қатерлі ісікпен ауырған әйелдің атына тағы 155 млн теңге несие рәсімдеп, оны да жалған келісімшарттар мен құжаттар арқылы заңсыз иемденген. Қаражат жеке кәсіпкерлердің шотына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тергеу барысында банктің бір қызметкері несие өтінімдерін рәсімдеуге көмектескені үшін 500 мың теңге сыйақы алғаны анықталды.
Банкке келтірілген жалпы шығын – 155 млн теңге.
Сот үкімімен айыпталушылардың барлығы кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған кірістерге сатып алынған демалыс базасы, 2000 шаршы метр жер телімі және Нұр-Сұлтандағы коммерциялық нысандар мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
