10 ақп, 2025 сағат 16:29

Астанада Кәрім Мәсімовтің элиталық зәулім үйі аукционға қойылды

Фото: Zakon.kz

Елордадағы Ерейментау көшесі, 1-ші мекенжайында орналасқан еңселі зәулім үй саудаға шығуға дайын тұр. Бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге, кепілдік жарнасы – 117,9 млн теңге. Сауда 25 ақпанда өтеді деп белгіленген, деп хабарлайды Әшкере телеграм арнасы.

Қызығы, дәл осы үйдің суреттерін 2022 жылы ҰҚК экс-төраға Кәрім Мәсімов қамауға алынған кезде жариялаған еді. Тергеу барысында оның заңсыз иемденген бірнеше нысаны анықталған, солардың бірі - осы еңселі коттедж.

Еске салсақ, Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде тұтқындалған. Оған "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алуға әрекеттенді" деген айып тағылып, 2023 жылғы сәуірде 18 жылға сотталды. Үкімге аппеляция түсіргенімен, шешім өзгермеді. Былтырғы жылдың жазында "рақымшылыққа ілігем бе?" деген үміті де ақталған жоқ. 

Енді "Активтерді қайтару" мекемесі бір кездері Мәсімов өмір сүрген элиталық үйді аукционға қойып отыр.