Фото: ашық дереккөз
Елордадағы Ұлдана Мырзуан оқыған медициналық колледждегі дәрісханаға оның есімін беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің айтуынша, ведомство тергеу жайлы тұрақты ақпарат алып отыр. Алайда түпкілікті қорытынды тергеу толық аяқталған соң жасалады.
"Маған ақпарат тұрақты жеткізіліп отыр. Тергеу жүріп жатыр. Бұл жерде, негізінен, құрылыс нормалары мен ережелеріне қатысты сұрақ көп. Меніңше олар кезінде бұзылған болуы мүмкін", – деді Әлназарова.
Министрдің айтуынша, қайғылы жағдайға кондиционер жабдығын орнату талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Қазір тергеушілер нақты лауазымды тұлғалардың және ұйымдардың жауапкершілігін анықтап жатыр.
Сонымен қатар министр Ұлдана Мырзуанның есімін есте қалдыруға бағытталған шаралар әзірленіп жатқанын айтты.
"Жедел жәрдем станциясының басшылығы арқылы ол оқыған медицина колледжінде оның құрметіне арналған аудитория ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл біз үшін ауыр әрі қайғылы жағдай. Ұлдана Мырзуан медицина қызметкерлерін бірлікке шақырды. Оның қабірінің басына ескерткіш орнатқымыз келеді", – деді министр.
Еске салсақ, 8 қарашада елордада тұрғын үй қаптамасы мен кондиционерлер опырылып түсіп, 5 адам зардап шеккен еді. Ал 18 қараша күні фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды.
