Фото: Ult.kz
6 қыркүйекте Астана қаласында «Паруса духа» жобасы аясында «Экстрабилити күндері» атты халықаралық әлеуметтік-спорттық іс-шара өтті, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.
Әлеуметтік-спорттық шара 2011 жылдан бері әлемнің түкпір-түкпірінде өткізіліп келеді екен, соңғы үш жылда Қазақстанда ұйымдастырылып отыр.
«Экстрабилити күндері» он жылдан бері «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының қолдауымен жүзеге асып келе жатқан «Белая Трость» автономды коммерциялық емес ұйымы ұйымдастыратын ерекше шара.
Жыл сайын қатысушылар Балқаш көлінің жағасындағы «Нұрбақыт» демалыс үйінде жиналып, дайындалады екен. Ал жабылу салтанаты Астанада гала-концертпен аяқталады.
Биыл Астанаға Қырғызстан, Түркия, Ресей, Латвия, Египет және басқа да елдерден қатысушылар келді. Солардың бірі жалпыресейлік мүгедектер қоғамы, Сургут мүгедектер қоғамдық ұйымының жетекшісі Юрий Александров. Ол «Паруса духа» жобасы аясында төрт жылдан бері 15 іс-шараға қатысыпты.
«Негізгі ерекшелігі ‒ жобаны мүгедектер ұйымдастыруында және бұған қалаған адам қатыса алады. Көріп отырғанымыздай желкенді қайық, жел қайықтардың түр-түрі бар. Шарадағы спорт түрлері біршама экстремалды болғанына қарамастан, ұйымдастырушылар қауіпсіздігі жоғары деңгейде өткізіп отыр», ‒ дейді ол.
Фотода: Юрий Александров
«Жарысқа қатысатын қайықтар мүгедектерге бейімдеп жасалмаған, бірақ оларды мүгедектер үшін қалай қауіпсіз қолдануға болатынын білеміз» дейді Юрий Александров. Себебі шараны ұйымдастырушылардың өздері мүгедек жандар.
«Әлеуметтік-спорттық іс-шараға қатысушылардың барлығы кәсіби спортшылар емес. Олардың физикалық күші көп болмаса да, рухани ерік-жігері мол. Жарыстың мақсаты ‒ оларға жақсы көңіл-күй сыйлау, белсенділігін арттыру, қабілетін шыңдау», ‒ деп отыр ол.
Юрий Александров мұндай іс-шараны қоғамды байланыстырудың жаңа форматы деп есептейді.
«Әр шарадан жаңа тәжірибе аласың. Біздің арамызда мүгедектер де, сау адамдар да, бастықтар да, қарапайым жұмысшылар да, әртүрлі ұлттың өкілдері де бар. Олар бір бірімен қарым қатынас жасауды, түсінісуді желкенді қайық үстінде үйренеді. Шараның ерекшелігі де, құндылығы да осы деп ойлаймын», ‒ дейді Сургут мүгедектер қоғамдық ұйымының жетекшісі.
Биылғы «Паруса Духа» жобасының басты тақырыбы — «Рухани баюға бірге бағыт алу». Ол қоғамды рухани қазынаға толтырып, тәжірибемен алмасу, бір бірінің дәстүрі мен тарихына бойлау.
Бұл туралы «Паруса духа» жобасының жетекшісі Олег Колпащиков тілшімізге берген сұхбатында айтып берді.
Фотода: Олег Колпащиков
«Біздің негізгі мақсатымыз ‒ қазақстандық серіктес-достарымызбен бірге адам бойындағы қабілеттері мен таланттарын ашып, дамытатын, қоғамды мықтырақ ететін жоба ұйымдастыру. Жобадан кейін де олардың қабілеттері септігін тигізсе дейміз», ‒ дейді Олег Колпащиков.
Есіл жағалауында өткен шараның бағдарлама аясында қонақтарға арнап инклюзивті регата, оннан астам сезімдерді дамытуға арналған шеберлік сабақтары және катамаран бортының үстінде бірегей гала-концерт өткізілді.
«Экстрабилити күндері» халықаралық әлеуметтік-спорттық іс-шарасында Россотрудничество және орыс үйінің басшысы Ольга Филонова, Қоғам қайраткері, спортшы, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан және басқа да азаматтар сөз сөйлеп, ықылас білдірді.
Іс-шара жүздеген адамның қолы мен дауысы бір ырғақта тоғысатын, адамдардың бірлігін бейнелейтін әсерлі ым-ишарамен ән айту флешмобымен аяқталды.
Балжан Жеңісқызы
