Фото: видеодан скриншот
Астанадағы №2 қалалық көпбейінді ауруханада қайғылы оқиға болды. Палатадағы куәгердің айтуынша, жүкті әйел қансырап, дәрігерлерден көмек сұрағанына қарамастан, медициналық көмек уақтылы көрсетілмей, сәбиінен айырылған, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға Манас көшесі, 22 мекенжайындағы ауруханада тіркелген. Пациенттің айтуынша, көршісі екі күн бұрын жүктілігіне қауіп төнгені үшін ауруханаға түскен, жағдайы қалыпты болған. Алайда бүгін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, қатты қан кетіп, ауырсынудан жылап, көмек сұраған.
«Мен өзім де сол палатада жаттым. Дауыстап дәрігерлерді шақырдым, медбикелерден бір әрекет жасауды өтіндім. Бірақ олар "дәрігер рұқсат бермейінше ештеңе істей алмаймыз" деп қол қусырып отырды. Дәрігер тек 1 сағат 45 минуттан кейін ғана келді. Ол кезде бәрі кеш болды», – дейді куәгер.
Бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Желі қолданушылары медицина қызметкерлерінің салғырттығына наразы. «Аурухана – өміріңді сақтауға баратын жер, ал біз бұл жерде өлім күтіп отырамыз ба?» деген ащы сұрақтар қойылуда.
Әйел осы уақытқа дейін бақылауда болуы тиіс еді. Бірақ куәгердің айтуынша, науқастар палатада ем емес, тек жатуға мәжбүр. Қан кетіп, қауіп төнген сәтте ешқандай жедел әрекет болмаған.
Қоғам белсенділері мен азаматтар бұл оқиғаға жауапты тұлғалардың жауап беруін, медицина саласындағы жүйелі мәселелерді қайта қарауды талап етуде.
Қазіргі уақытта бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме берілген жоқ. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасынан жауап күтілуде.
