04 қаз, 2025 сағат 12:36

Астаналықтар интернетсіз қалды: «Транстелекомға» шағым күшейді


Фото: kaztag.kz


Астанадағы тұрғындар «Транстелеком» ұсынатын интернет сапасына наразылық білдіруін жалғастыруда, деп хабарлайды КазТАГ.


«Мен Zauzar тұрғын үй кешенінде тұрамын. Бізде интернет екі күн қатарынан дұрыс істемей тұр, ал өткен түні мүлде жоқ болды. Бұл мәселе тек бізде емес, көршілерімізде де бар. «Транстелекомның» байланыс орталығына хабарласу мүмкін емес – телефон тұтқасының арғы жағындағы «робот» тек «барлық операторлар бос емес» деген сылтау айтып, көп қоңыраудың түсуіне байланысты байланысты үзе салады. Осындай интернетпен Қазақстан билігі цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытпақ па? Содан кейін бізге беті бүлк етпей, интернетіміз Токиодан да жақсы деп өтірік айтады. Ал мұндай проблемалар бізде үнемі болып тұрады», – деп бөлісті сенбі күні КазТАГ редакциясына астаналық оқырман.


КазТАГ редакциясы тұрғынның сөзінің шынайылығына көз жеткізді – материал дайындалып жатқан сәтте, яғни 10:10 шамасында, аталған тұрғын үй кешенінде «Транстелекомның» интернеті шынымен болмаған.


Еске сала кетейік, 2023 жылғы 31 мамырда Мәжіліс депутаты Ермурат Бапи Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның жұбайы Қайрат Шәріпбаевтың балаларына қатысты пікір білдіріп, клептократтар елден 150 млрд доллар шығарғанын айтқан болатын.


Сонымен қатар ол Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрали Әлиевке қатысты да сұрақ қойған еді.


«Стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» ұлттық компаниясы «Қазақстан темір жолының» құрамынан іс жүзінде тегін Нұрали Әлиевке, яғни экс-президент Назарбаевтың немересіне берілгенін қалай бағалайсыздар? Құны 210 млрд теңге тұратын, жылдық табысы 80–90 млрд теңгені құрайтын ұлттық мүлік бар болғаны 18,45 млрд теңгеге сатылды. Енді менің сұрағым мынадай: «Транстелеком» 2015 жылы Нұрали Әлиевке 587 млн теңге, 2016 жылы – 940 млн теңге, 2017 жылы – 500 млн теңге дивиденд төлеген. 2022 жылы төленген дивиденд көлемі 2,4 млрд теңгеге жетті. Осыншама заңсыз төленген ақшаны қалай қайтаруға болады?» – деген еді ол сол кезде.


2023 жылғы 5 шілдеде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сол кезде Нұрали Әлиевтің бақылауында болған «Транстелекомның» бәсекелестермен жасалған келісімшарттарды бұзуға шақырғанын, бұл заң бұзушылық екенін хабарлаған.


Журналист Әсет Матаев ол кезде «ескі Қазақстанның» ықпалының күшеюін мемлекеттік жүйеге төнген қатер деп бағалаған болатын.


2025 жылғы 12 ақпанда КазТАГ Нұрали Әлиев «Транстелеком» АҚ-дағы басшылық өкілеттігін компанияның сатылуына байланысты тапсырғанын хабарлады.