08 қаң, 2026 сағат 11:38

Атырау облысында ер адам ұлын ренжіткен азаматтың құлағын кесіп алған


Фото: depositphotos.com

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында ер адам баласын ренжіткен жігіттің құлағын кесіп алды, деп хабарлайды Ult.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Оқиға 2 қаңтар күні болған. Полиция "Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

"49 жастағы күдікті өзінің 25 жастағы ұлы мен 24 жастағы жігіттің арасындағы келіспеушілікке араласқан. Сол кезде абайсызда асхана пышағымен жәбірленушінің сол жақ құлағына дене жарақатын салған", - дейді Атырау облыстық полиция департаменті.


Күдіктінің айтуынша, ол құлақты кесуге оқталмаған, қорқытамын деп ойлаған. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті жәбірленушінің құлағын түбімен кесіп тастаған. Бірақ дабыл жарғағы аман дейді дәрігерлер.

"Науқас достарының көмегімен өздігінен медициналық мекемеге келген. Дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсетіп, қан кетуді тоқтатқан. Науқасқа тиісті ем тағайындалды, хирургиялық бригада жараны өңдеп, қан тоқтатылды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.


Науқастың туыстарына жағдай түсіндірілді. Кейін науқас әрі қарай мамандандырылған көмек алу үшін облыстық ауруханаға жолданды.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында, ем қабылдап жатыр.