Фото: ашық дереккөз
Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылының төрт тұрғыны қазан айынан бері хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, алдымен отбасының үлкен ұлы жоғалып, кейін қалған отбасы мүшелері де із-түзсіз кеткен.
Туыстарының айтуынша, үйдің үлкен ұлы Наурыз шамамен бес-алты ай бұрын Ақтауға жұмыс іздеп кеткен. Алайда сол уақыттан бері одан ешқандай хабар болмаған.
Ал қазан айында ауылдастарының сөзінше, отбасы басшысы Максот Қарабалин дәрігерге қаралатынын айтып, жұбайы мен қызын бірге алып кеткен. Қызы Мирамгүлдің үшінші топтағы мүгедек екені белгілі. Осы күннен кейін отбасының бірде-бір мүшесі ауылға оралмаған.
Туыстары олардың медициналық көмек алу үшін жолға шыққанын айтқанымен, қай елді мекенге барғаны және нақты қандай медициналық мекемеге жүгінгені туралы ақпарат жоқ.
Күмән тудыратын жайттардың бірі – үйдегі барлық малдың WhatsApp мессенджері арқылы, ұлдарының атынан сатылып кеткені. Ақша Kaspi шотына аударылғаны айтылғанымен, осы операциялардан кейін де отбасы мүшелерімен байланыс орнату мүмкін болмаған.
Қазіргі таңда полиция іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда екі айдан астам уақыт өтсе де, іздеу нәтижелері бойынша ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Максот Қарабалиннің туған ағасы олар Өзбекстан асып кетті деп болжам жасап отыр.
