03 жел, 2025 сағат 12:11

Әуежайда өзін-өзі өртеген ер адам шағымданбаған: полиция тергеуді тоқтатты

Фото: Видеодан скрин

Алматы әуежайында өзіне өрт қойған 33 жастағы ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, ер адам ауруханадан шыққаннан кейін ешкімге шағымы жоқ екені туралы жазбаша өтініш берген.

«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Ауруханадан шыққаннан кейін азамат ешкімге шағымы жоқ екенін жазбаша түрде мәлімдеді», — делінген ресми хабарламада.

Ішкі істер органының мәліметінше, қажетті тергеу және жедел іс-шаралар толық аяқталған, сондықтан сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.

Сонымен қатар, тергеу барысында анықталған мән-жайларға байланысты Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіне құқық бұзушылықтарға ықпал еткен кемшіліктерді жою туралы ұсыныс жолданған.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде ер адамның әуежай кеңселерінің бірінде үстіне сұйықтық құйып, өз-өзіне от қойған сәті жарияланған еді. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, зардап шеккен азамат №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда жеткізілген. Оқиғаның алдын ала себебі де аталған болатын.