20 қаз, 2025 сағат 16:18

«Балалар пайдалы асты жемей, ысырап көбейіп жатыр»: Журналист мектеп асханаларындағы тамақ мәселесін көтерді

Фото: ҚР ОАМ

Журналист Жазира Бегалы мектеп асханаларындағы тамақтану жүйесіне қатысты өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, мәзірге енгізілген пайдалы деген тағамдарды оқушылардың басым бөлігі жемейді, нәтижесінде үлкен көлемде азық-түлік ысырап болып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Балалар сары бұршақ пюресін 98% жемейді

Асхана қызметкерлерімен кездескен журналистің айтуынша, сары түсті бұршақтан дайындалатын пюрені балалардың 98 пайызы қабылдамайтын көрінеді.

«Баланың пайдалы тамаққа дағдылануы туғаннан, отбасынан басталуы керек. Бірақ көптеген отбасында қайнатылған, бұқтырылған тағам жей бермейді. Майлы, қуырылған асты қалайды», – дейді ол.


«Сорпа – науқастың асы» дейтіндер бар

Жазира Бегалы қоғамдағы тамаққа деген көзқарастың да үлкен рөл атқаратынын айтты.

«Кейбір ер адамдар сұйық тамақ істеуге тыйым салады. «Сорпа – ауру адамның тамағы» дейді. Үнемі қуырылған, майлы тамақ денсаулыққа зиян екенін елемейді», – дейді журналист.


Мектеп асханасында мың балаға ұнайтын мәзір дайындау мүмкін бе?

Оның айтуынша, кейбір балалар картоп, сәбіз, капуста жемейді, қой етінен бас тартады, тауық етінен жиіркенеді, тек макарон жегісі келеді.

«Мектеп асханасы күніне мың балаға жеке-жеке ұнайтын тамақ дайындай ала ма?» – деп сұрақ қойды ол.


Журналист мектеп асханаларында жиі жанжал шығатынын айтты.

  • Ата-аналар мәзірге наразы

  • Асхана меңгерушілері тамақ қалдықтарынан зардап шегеді

  • Кәсіпкерлер шығынға батады

  • Азық-түлік бағасы қымбат

«Пияз, капуста, горох жемейтін баланы мәжбүрлеу мүмкін емес. Лоқсып, құсып тастайды. Асхана қызметкерлері еңбегінің зая кеткеніне қынжылады», – дейді ол.


Мамандар құнарлы азық енгізуге тырысады, бірақ нәтиже жоқ

Жазира Бегалы бұл мәселені үстірт емес, терең талдау қажет екенін айтты.

«Мәзірді мамандар дайындайды, бірақ олар асханадағы шынайы жағдайды біле ме?» – деп сауал тастады.


Журналистің қорытындысы:

  • Мектептің міндеті – білім беру, бірақ тамақ мәселесі де маңызды.

  • Ыстық тамаққа қатысты дау тоқтамай келеді.

  • Балалар мектеп асын жемей, сырттан самса, бургер, донер, пицца жейді.

  • Демалыс күндері фастфуд сататын кафелер лық толы.

«Бұл мәселеге нүкте қою керек. Жай ғана талап емес, нақты зерттеу, жүйелі шешім қажет», – деп түйіндеді ол.