03 қаз, 2025 сағат 12:16

Батысқазақстандық Бекишевтер әулеті: 80 жылдан астам ұстаздық жол

Фото: ҚР ОАМ

Батыс Қазақстан өңірінде білім саласына адал қызмет етіп келе жатқан бірегей әулет бар. Ол – ұстаздықты ұлы мұрат еткен Бекишевтер әулеті. Бұл педагогикалық әулеттің жалпы еңбек өтілі 800 жылға жуықтап, дәстүрлі жол төртінші ұрпаққа жалғасып келеді. Қазіргі таңда әулеттің 32 мүшесі білім беру саласында еңбек етіп, мыңдаған шәкіртке сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп жүр.

Әулет тарихы – Сағынғали Бекишевтен бастау алады

Ұстаздық династияның іргетасын 1938 жылы Сағынғали Бекишев қалады. Ол алғашқылардың бірі болып білім саласына қадам басып, ұстаздық жолда адал қызмет етті. Содан бері әулеттің өкілдері 87 жыл бойы шәкірт тәрбиелеу ісін абыроймен жалғастырып келеді.

Сағынғали Бекишевтің үлкен ұлы Жасталап Бекишев химия және биология пәнінен сабақ беріп, Котельников орта мектебін басқарса, екінші ұлы Жасұлан Бекишев физика пәнінің мұғалімі әрі Кожевников мектебінің директоры болған. Ал әулеттің келіні Самал Дошанова бүгінде Ақжайық ауданы Алмалы орта мектебінің білікті басшысы атанып отыр.

Екінші және үшінші ұрпақ – білім саласының белді өкілдері

Әулеттің балалары да ата жолын жалғап, ұстаздық дәстүрді жаңа буынға жеткізуде. Гүлмира Бекишева Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінде ағылшын тілінен сабақ берсе, Айгүл Бекишева мен Мәншүк Сағынғалиева Алмалы орта мектебінде ұстаздық етіп жүр.

Үшінші буын өкілдері де педагогикалық дәстүрді жалғастыруда. Сағынғали Бекишевтің шөбересі Ақбота Максимқызы қазір Астанадағы Ы. Алтынсарин атындағы BINOM мектебінде ағылшын тілін оқытады. Ал Айкен Болатқызы Еуразия гуманитарлық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, ұстаздық жолын бастағалы отыр.

Ұстаздыққа деген адалдық – ұрпаққа өнеге

Ұстаздық – жауапкершілігі мол әрі ұлы миссия. Бекишевтер әулеті осы жолды өмірлік мұрат етіп, қоғамға білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келеді.

Бүгінде әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 87 жылды құрап отыр. Бұл – ұстаздыққа деген адалдықтың, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрдің айқын дәлелі.