17 қар, 2025 сағат 13:10

«Баян ғана көмектесе алады»: Мақпал Жүнісова марқұм композитордың отбасындағы жағдайға алаңдаушылық танытты


Фото: Ашық дереккөз


Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызының қазіргі жағдайына алаңдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Әнші ең әуелі өзінің Айданқызына пәтер алып беруге қаржылық мүмкіндігі жетпейтінін ашық айтты. Соған қарамастан, ол мәселені шешуге болар жолдарды қарастыру мақсатында қала әкімдігімен кездескенін жеткізді.


“Желіде Арман Дүйсеновтің жары түрлі жағдайын айтып жүр. Шынымды айтсам, жүрегім ауырады. Мен бай отбасының өкілі емеспін, өз еңбегіммен тапқан табысымды ғана игеріп жүрген адаммын. Егер жағдайым келсе, еш ойланбастан көмектесер едім. Бірақ қазір пәтер алып беремін деп айта алмаймын”, – деді Мақпал Жүнісова.


Өнер иесі өткен жылдары әкімдік тарапынан мәдениет қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету тәжірибелері болғанын еске салды.


“Әкімдік өкілдерімен ақылдасып көрдім. Бұрын Зәкең талай өнер адамына кезексіз пәтер беретін. Шерхан Мұртаза бір күнде 60 пәтер алып бергенін, телерадио қызметкерлерін баспанамен қамтығанын бәріміз білеміз. Олжас Сүлейменов те 20-ға жуық пәтер шешіп берген. Ол кезде әкімдіктің балансында үй көп болатын. Тасмағамбетовтың тұсында да солай еді. Қазір ондай заң да, үй де жоқ”, – деді ол.


Әншінің айтуынша, қазіргі жағдайда нақты көмек бере алуы мүмкін жалғыз адам — Баян Мақсатқызы.


“Мен сенетін бір адам бар — ол Баян Мақсатқызы. Баянның жолдасы ауқатты азамат. Әрине, адам өз отбасының жағдайын жақсарту үшін жұмыс істейді. Бірақ Арман Дүйсенов Баянды қатты құрметтеген, оның жобаларына жиі атсалысқан. Сондықтан осы мәселені шешуде Баян көмектессе деген үмітім бар. Өзім де мүмкіндігінше қаражат жинап беремін. Бірақ бәрі бірігіп қолдаса дұрыс болар еді”, – деді ол.



Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылдың қаңтарында көз жұмған. Ал былтыр қазанда марқұмның ұлы қайғылы жағдайда дүниеден өтті. 7 қазан күні ол өз пәтерінде асылып қалған күйінде табылған. Алдын ала деректер бойынша, өлім себебі – механикалық асфиксия. Оқиға алдында жас жігіт анасының қоңырауына жауап бермеген.


Бұған дейін Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты бірқатар сұрақтарға алғаш рет ашық жауап беріп, оның зауыт аумағында көз жұмғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ ол ұлының досы жалғыз пәтерін тартып алмақ болғанын айтқан еді. Кейін Айданқызы Алматы сотының ұлының өліміне қатысты шешіміне келіспей, Президенттен көмек сұрағанын жария етті.