Фото: Weproject.media
Блогер Шымкенттегі бір үйлену тойында болып, өңірдің той мәдениеті туралы сөз қозғады. Ол өз пікірін Threads әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, салтанатты шара ұйымдастыру мен қонақтардың тәртібі сын көтермейді.
Блогердің жазбасына сүйенсек, той 19:00-де басталуы керек болған, алайда тамада 19:33-те қонақтарды үстелге отырғызған. «Ол уақытта адам толық жиналмайтынын біледі ғой» деп жазды ол. Тіпті 20:10-да басталған той кезінде адамдар әлі залға кіріп-шығып жүрген.
Той басталғанда алғашқы тостты ешкім тыңдамаған: біреулер фотоға түсіп жүр, біреулер темекі шегуде, ал кейбір қонақтар залдың ортасында ерсілі-қарсылы жүрген. «Базар сияқты» деп сипаттады блогер.
Сонымен қатар ол тойбастардың әдеттегіден ерте таратылғанын, торттың да жоспарсыз кесілгенін айтты. Той иелері қонақтарды шақырғанда, бәрі өз беттерімен жүрген.
Блогер қонақтардың мәдениетіне де шүйлікті: «Адамдар пакет-пакет сарқыт салып, жан-жағына қарамай, той иесін сыйламай шығып кетті» дейді ол. 23:10-да достары тост айтуға көтерілгенде, залдың жартысы босап қалған.
«9 сағат жол жүріп бардым, бірақ тойға қатыстым деп айта алмаймын. Ең есте қалғаны – алғашқы және соңғы тост қана», – деп түйіндеді блогер.
Бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Көпшілік той өткізу мәдениетін жаңартатын уақыт келгенін айтады.
