26 қаз, 2017 сағат 11:39

Бензин шығаратын Павлодар мұнай өңдеу зауыты іске қосылды

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Павлодар мұнай өңдеу зауытының іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Павлодар МӨЗ бүгін іске қосылды. Таңертең бас директорымен сөйлестім, мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысы өз жұмысын бастады. Шамамен үш күнде жоғары октанды бензин дайын болуы тиіс», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

АИ-92 маркалы бензиннің жетіспеушілігінен зауыттар АИ-95 шығарылымын азайтты. Қ. Бозымбаевтың айтуынша, бұл мәселе қараша айында реттеледі.

"Қарашада елімізде 270-280 мың тонна бензинді тұтыну болады деген ойдамыз. Оның белгілі бір бөлігін елдегі үш мұнай өңдеу зауыты есебінен жабамыз. Шымкент және Павлодар МӨЗ-дерінде артығымен жұмыс жүктелмек. Атыраудағы зауыт жұмысын төмендетеміз, себебі желтоқсанда каталитикалық крекинг қондырғысын енгізуі тиіс", - деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, кеше Қазақстанға 64 мың тонна жанармай импортталды. Қазан айының соңына дейін ел аумағына тағы 100 мың тонна бензин жеткізіледі.