14 қаз, 2025 сағат 12:50

"Бір отбасының тағдыры емес, бүкіл қоғам айнасы": Әріптесі Дархан Мұсаевты жақтап пікір білдірді

Фото: Facebook.com

Актер Бақыт Тушаев Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевқа жазба арнады, деп хабарлайды Ult.kz

Айтуынша, ол Дарханмен сонау студент кезден таныс. Актерден бір жыл кейін, марқұм Болат Атабаевтың курсында оқыған, жатақханада бірге тұрған.

"Жалпы Дархан ақ адал дос, ақ көңіл азамат ретінде жақсы білемін. Өте талантты жігіт. Тек театрға беретінін әлі бере алмай жүр. Асабалық өнері де өте мықты. Студент кезінен табыскер жігіт. Және көше тобелесінде досын тастап кетпейтін, қандай жігітіңе болса да қасқайып қарсы тұратын жігіттің төресі. Бойы да ұзын иықты бір сөзбен айтқанда красвчик жігіттің сұлтаны дер едім", - деп бастады әңгімесін Тушаев.


Актер бүгінде әкенің орны, әкелер мәртебесі, отағасының беделі, еркек бақыты деген ұғым өшкенін тілге тиек етті. Тек бір жақты әйелдерге қатысты дүние әрқашан дұрыс болып барады, дейді ол.

"Қазір балабақшада баланы тәрбиелейтін әйел, мектепте баланы оқытатын да әйел. Қаншама жалғыз басты аналар тәрбиесімен өсіп жатқан бала үшін әке деген ұғым жоғалды. (Оған еркектердің де кінәсі көп.Тіпті кешегі футболист Шерхан мен Темірланды аналары тәрбиелеген соң чемпион болған деген қағида қоғамға дендеп еніп барады)", - деп қынжылды ол.


Айтуынша, Дархан Мұсаевтың басындағы жайт тек қана бір отбасының тағдыры емес, бүкіл қоғам айнасы.

"М. Әуезов атындағы Ұлттық театрдағы әріптестерім Дарханды жайлы жақсы айтады. Қоғам Дариғаның сөзінен негіз алып Дарханды табыс таппаған дейді. Ол қалай табыс таппайды - аптасына жоқ дегенде бір екі күн тойда жүрсе. Және ол қалай үйде отырады - театрда таңнан кешке дейін қайнаған тірлік, одан қалса гастроль, фестиваль дегендер жан жаққа шапқылатады. Дарханның ақшасыз жүрген кезін көрген емеспін. Кейбір дастарханды өзі де төлеп тастайтын мәрттігі бар", - деп қосты Бақыт Тушаев.


Оның айтуынша, Дарханның сұхбатқа келгендегі мақсаты - ол ішіндегі дүниесін ақтарғысы келді, ашынды, әркімнің өз шындығы бар.

"Ол да өз шындығы жолында құрбан болып отыр. Мүмкін бұл сұхбатқа шықпаса өз өзіне қол жұмсауы да мүмкін ғой. Жапы екеуі 16-жыл өмір бірге тұрыпты. Бірақ арларында бала болмаса да бірге отбасын сақтай білген Дархан жайлы қалай жаман айтуға болады? Осыдан 6-7 жыл шамасындағы бір отырыста Дора (Дархан. Өнердегілер Дора деп кеткенбіз) бәріміз отбасы, бала тақырыбын қозғап отырдық. Сонда Дархан "әй, жігіттер, біле білсеңдер, күндіз Дариға менің қызым, мен Дариғаның ұлымын. Түнде жатарда ғана ерлі-зайыпты екеніміз еске түседі" деп күлдіріп әрі ойландырған. Міне, Дарханнның осы сөзі отбасына беріктігін адал екендігін нағыз отағасы болғанын көрсетеді. Қазір бес жыл бала көтермесе күейуі, ата-енесі, қайын жұрты, бәрі жабылып, келген келінді кетіріп тыныдырады. Ал 16 жыл балалары болмаса да отбасын шашыратпай, Дариғаны кінәламай, ешкімге сөйлеткізбей, отбасын сақтап тұру үшін қандай төзімділік, қандай сабырлылық керек десеңші. Бұның бәрі Дарханның қолынан келді. Дарханның отбасы құндылығын жоғары қоюы кез келген еркектің қолынан келе бермейтін қасиет", - дейді ол. 


Бақыт Тушаевтың пікірінше, қазір әйелдердің миын улап, коуч, мотиваторлар кері әсер етіп жатыр.

"Ата-енеңді тыңдама, күйеуіңнің нәскиін жума, күйеуің мотивация бермесе ажырас" деген сынды ақылман данышпан қатындардың да гөй-гөйлері өз жемісін беруде. "Еркек табыс тапса отбасы үшін, әйел табыс тапса өзі үшін", "Еркек не үшін керек" деп құтырып шыға келетіні. Мыңдаған мысалдар көп", - дейді актер.