06 қаз, 2025 сағат 11:49

Біріккен Араб Әмірліктерінен заңсыз мұнай айналымына қатысы бар күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

Фото: ашық дереккөз

Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Біріккен Араб Әмірліктерінен елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2022–2023 жылдары Ақтөбе облысында коммерциялық ұйымның бас директоры бола тұра, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге жалпы сомасы 300 миллион теңгеден астам көлемдегі мұнайды заңсыз өткізген.

Қылмыс жасағаннан кейін ол елден қашып, халықаралық іздеуге жарияланған. 2024 жылы іздеудегі азамат Дубайда анықталып, Бас прокуратураның ресми сұрауы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Айта кетейік, бұл іс бойынша оның сыбайласы 2024 жылы сот үкімімен бас бостандығынан айырылған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған қылмыс үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.