23 қар, 2023 сағат 12:49

Бишімбаевқа жасалған рақымшылық — «ескі Қазақстанның» атрибуты – Абзал Құспан

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Әділет министрлігі ұйымдастырған халықаралық конференция алдында БАҚ өкілдеріне экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың ісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Кейінгі кезде рақымшылық арқылы босап шыққан адамдар өрескел қылмыстар жасап жатыр. Мәжіліс депутаты ретінде рақымшылық тетіктерін жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатырсыздар ма?» деп сұрады журналист.

Депутаттың айтуынша, Бишімбаевқа жасалған рақымшылық — «ескі Қазақстанның» атрибуты.

«Бұл мәселенің жалпы сипатына назар аудартқым келеді. Біз мына қылмыстық заңнаманы жан-жақтан жұлқылап, неше түрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, неше түрлі эксперимент жасап, ойыншыққа айналдырып жібердік. Сонау орта ғасырлардан бері келе жатқан ұстаным бар. Заңның ісіне саясаткерлер араласса, заңның ешқандай салмағы, мәні мен мағынасы қалмайды. Бишімбаевқа қатысты сіз айтып отырған мәселенің рақымшылыққа ешқандай қатысы жоқ. Ол кездегі "ескі Қазақстанда" президенттің жанында ақтайтын арнайы комиссия болды. Яғни, ол соттан да, басқадан да жоғары тұратын орган сияқты еді. Сот өз үкімін шығарып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Менің білуімше, сол үкім күшіне еніп, жазасын өтеп жатқан кезде президент жанындағы комиссияның шешімі бойынша Президент тарапынан рақымшылық жарияланып, босап шыққан болатын. Яғни ол жерде ешқандай сот болмайды, прокурор қатыспайды, адвокаттар қатыспайды, сот жарыссөзі болмайды деген сияқты. Бір ғана адамның шешімі. Оның арты енді қандай салдарға әкеп соққанын өздеріңіз көріп отырсыздар», — дейді депутат.

Заңгер қазір президент жанында ондай комиссия жұмыс істемейтінін де атап өтті.

«Менің білуімше, қазіргі таңда ондай комиссия жоқ. Президент те, басқа да соттың ісіне араласпайды. Бірақ ендігі мәселеміз — қылмыстық заңнаманы бір ізге салу. Ол туралы Президент былтырғы Жолдауында айтты. Қазір Мәжілісте қолданыстағы Қылмыстық-процессуалдық кодекс пен Қылмыстық атқару туралы кодексті оңтайландыру және оны тұрақтандыру туралы заң қаралып жатыр», — деді Абзал Құспан.