Фото: ашық дереккөз
ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті білім беру саласындағы ірі көлемдегі қаржы жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, «Батыс Қазақстан индустриалдық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының директоры 54 адамның атын «жалған студент» ретінде рәсімдеп, оларды оқу процесіне қатысқандай көрсеткен.
Тексеру барысында бұл тұлғаларға сабаққа қатысу табельдері, үлгерім құжаттары толтырылғаны, бағалар қойылғаны және стипендия тағайындалғаны белгілі болды. Кей жағдайларда стипендия көлемі негізсіз көтерілген.
Жалған студенттердің атына банктік шоттар ашылып, мемлекеттік төлемдер сол шоттарға аударылған. Ал банк карталары директорға немесе оның нұсқауымен басқа адамдарға беріліп, қаражат қолма-қол шешіліп отырған.
Тергеу мәліметі бойынша, колледж директоры жалпы 49 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген.
Күдіктіге қатысты үйқамаққа алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Сонымен қатар сот санкциясымен оның пәтеріне тыйым салынды.
