Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті банктік шоттарды заңсыз иеленіп, олар арқылы рұқсат етілмеген төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Агенттік мәліметінше, қылмыстық топ ұйымдастырушылары уақытша табыс табу мақсатында жастарға екінші деңгейлі банктерден өз атына шот ашуды ұсынған.
Интернет-банкингтің мобильді қосымшасы орнатылғаннан кейін, шоттарға кіру мүмкіндігі алаяқтардың бақылауына өткен.
Мұндай заңсыз әрекеттерге қатысқан тұлғалар — «дропперлер» — әр шот үшін 200-ден 350 АҚШ долларына дейін сыйақы алып отырған.
Қылмыстық топ бұл шоттарды интернет-алаяқтық құрбандарынан түскен ақшаны өткізу үшін пайдаланған. Заңсыз айналымдағы қаражаттың жалпы көлемі 17 млн теңгеден астқан.
Эпизодтардың бірінде банктік картасы бұғатталғаннан кейін бір дроппер заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартқан. Осыдан кейін ұйымдастырушылар оны қорқытып, шотқа қайта кіруді талап еткен.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, сот санкциясымен қамауға алынған. Тергеу жалғасуда.
ҚМА азаматтарға банктік деректерін үшінші тұлғаларға бермеуді және «оңай табыс» уәделеріне сенбеуді ескертеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз қолжетімділікті беру, тарату не иелену үшін жауапкершілікті белгілейтін 232-1-бап енгізілген. Бұл бап мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
