21 қар, 2025 сағат 13:20

«Богатырь көмір» компаниясында 123 млн теңгелік жымқыру анықталды

Фото: Pexels.com

Павлодарда «Богатырь көмір» қаржысын жымқыру фактісі анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Богатырь көмір» ЖШС-інің қаржысын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Кәсіпорынның жарғылық капиталының 50%-ы «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі.

Тергеу материалдарына сүйенсек, бірқатар коммерциялық компания басшылары бұрын пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жаңа өнім ретінде жеткізу схемасын ұйымдастырған. Бұл заңсыз әрекетке кәсіпорынның тауар қабылдауға жауапты қызметкері де қатысқан. Ол талаптарға сай келмейтін бөлшектерді еш кедергісіз өткізіп, олардың сапасын жалған түрде растаған.

Екі жыл бойы жалған сәйкестік сертификаттары арқылы реакторлар, цилиндр блоктары, автотіркемелер мен тежегіш жүйелерінің бөлшектері кәсіпорынға «жаңа» өнім ретінде жеткізіліп отырған. Соның салдарынан «Богатырь көмір» ЖШС-іне 123 млн теңге көлемінде залал келтірілген.

Қылмыстық жолмен алынған қаражат байланысы бар компаниялар мен жеке кәсіпкерлер арқылы жалған келісімшарттар негізінде айналымнан шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тінту барысында күдіктілерден 27 млн теңге тәркіленді.

Соттың санкциясымен күдіктілердің алты автокөлігіне, оның ішінде «Cadillac Escalade», «Range Rover» және «Toyota Land Cruiser 250» маркалы көліктеріне тыйым салынды. Үш адам қамауға алынды.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.