01 шіл, 2017 сағат 09:00

Бүгіннен бастап зейнетақы, жәрдемақы және әскери қызметшілердің жалақысы көтерілді

Бүгіннен бастап зейнетақы мен бала дүниеге келгенде берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемі 20 %-ке, әскери қызметшілердің жалақысы 25 %-ке көтеріледі. Бұл туралы Elorda Aqparat хабарлады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 20-да «Әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойған. Осы құжатқа сәйкес 2017 жылғы 1 шілдеден бастап: ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайызға; базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтіледі. Нәтижесінде, бүгіннен бастап ең төменгі зейнетақы 45 711 теңгені, орташа зейнетақы — 66 676 теңгені құрайды. 2016 жылы ең төменгі зейнетақы көлемі — 37 789 теңге болған еді, сәйкесінше бүгінгі көрсеткіш 2016 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 20%-ға көбірек.

Тағы бір атап өтерлігі, бұл шарапат еліміздегі 2 миллионнан астам зейнеткерді қамтитын болады және ол үшін қосымша құжаттар қажет емес. Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізілетін болады. Ол базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалады. Жаңа әдістемеге сәйкес, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады, бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылған зейнетақы жинақтарының мерзімі ескеріледі. Осы жылы зейнетақы мөлшерінің 20 пайызға дейін артуын ескере отырып, заң жобасында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінен 50-ден 54 пайызға дейін ұлғайту ұсынылған.

Осылайша, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері, азаматтардың еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударымдар кезеңі: 10 жылдан аспаса, онда ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын; 20 жыл болса — 74 пайызын; 33 жылдан асқанда — 100 пайызын құрайды. Нәтижесінде, еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болады.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап 2 млн зейнеткердің: 44,7 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызынан жоғары алатын болады; 45,2 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алады немесе базалық зейнетақысы бүгінгіге қарағанда 2 есе көп болады деп күтілуде. Бұдан басқа, заң жобасында балалы отбасыларды мемлекеттік қолдауға бағытталған нормалар қарастырылған. Біріншіден, бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 20 пайызға арттыру көзделген. Жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 31,41 айлық есептік көрсеткіштен 38 айлық есептік көрсеткішке дейін (71 270 теңгеден 86 222 теңгеге дейін), төртінші және одан көп балаға 52,35 айлық есептік көрсеткіштен 63 айлық есептік көрсеткішке дейін (118 783 теңгеден 142 947 теңгеге дейін) артатын болады.

Мамыр айында бірқатар әскери қызметшіні мемлекеттік наградамен марапаттау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығының және Қарулы Күштердің 25 жылдығының құрметіне 1 шілдеден бастап Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Ұлттық гвардияның және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын 25 пайызға көтеру туралы шешімін мәлімдеген еді.