18 сәу, 2024 сағат 16:50

Депутат заңды тіркеусіз неке қиған имамдарды жазалауды ұсынды


Депутат Асхат Аймағамбетов қазақстандықтардың АХАЖ-да заңды түрде некесін қимай тұрып, мешітте некесін қиятын имамдарды жазалауды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжілісменнің айтуынша, қазақстандықтар некелерін ресми түрде тіркемей, имамның неке қию рәсімімен шектеліп жатыр.

«Сіз айтып тұрған әрекеттерді құптамаймын, тіпті заңсыз деп есептеймін. Бізде тиісті тәртіп бойынша ресми тіркелген неке ғана заңды болып есептеледі. Ресми тіркеусіз қиылғанның бәрі неке болып есептелмейді. Демек, мешітте немесе шіркеуде ғана қиылған неке заңды неке бола алмайды», - деді ол.


Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов заңда бұл мәселе айқын реттелгенімен, мешітте ғана неке қия салу трендке айналып бара жатыр деп есептейді.

«Шын мәнінде бұл заңға қайшы. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Неке қиюдың заңмен белгіленген тәртібі бар. Ресми тіркеусіз неке қиятын діни қызметкерлердің жауапкершілігін талқылап, талдау керек. Мен бұл мәселемен айналысамын», - деді Асхат Аймағамбетов.