24 қаз, 2017 сағат 10:11

Дінді саяси мақсатта пайдалану белең алуда

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті жанынан құрылған Дін істері жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттау тобы Қостанай облысында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізді.

Күн тәртібіндегі көптеген семинарлар мен кездесулер, өңірдегі шаралар кешені  дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуына қарсы іс-қимыл жүргізуге бағытталған. Әсіресе, дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтаушыларына ерекше назар аударылып, жеке түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Сарапшылар Қостанай, Лисаковск қалаларындағы мешіттерде осы санаттағы азаматтармен жеке әңгімелесті. Протестанттық діни бірлестіктердің ғибадат нысандарында да дін саласындағы заңнаманы түсіндіру жұмыстары өткізілді.

«Рухани-адамгершілік негіздерін ашу арқылы шиеленістердің алдын алуға, қоғамда орнығуға, экстремизм мен терроризм сынды діни қауіп-қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік туады. Бүгінгі таңда діннің рөлі саяси аренада күн санап артуда. Бұл, өз кезегінде, дінді саяси мақсатта пайдалану мүмкіндігінің артқандығын білдіреді. Сонымен қатар, діннің рөлі мәдениет пен қоғамдық қатынастарда да өскендігін айта кету керек. Бірақ, сараптап қарайтын болсақ, өзгерістер кезінде діннің өзі емес, оның бұрмаланған бейнесі көрініс береді. Әсіресе, саяси астарда, дін ең өрескел түрде пайдаланылады. Діни негіздегі белсенді партияларда экстремизм элементтері жиі байқалады», - деді жиында сөз алған делегация мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының аға оқытушысы, дінтанушы Толғанай Мұстафина.

Жалпы алғанда, халықтың діни сауаттылығын арттыруды мақсат еткен іс-шараларға Қостанай қаласы мен облыс аудандарының тұрғындары, өңірдегі қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, дін, БАҚ, еңбек ұжымдары, оқытушылар, мұғалімдер, студенттер және де оқу орындарының қызметкерлері қатысты.

Делегация құрамына аталған саладағы жетекші сарапшылар кірді. Олардың қатарында: Дін істер комитеті діни қызмет саласындағы құқық қолдану тәжірибесі басқармасының жетекшісі Иманбаев Мейрам, «Білім» қоғамдық бірлестігінің директоры Иржанов Руслан, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының аға оқытушысы, дінтанушы Мұстафина Толғанай, Астана қаласы «Әлжан ана» мешітінің наиб имамы Жаңақов Берікбол, дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері Гайко Ольга болды.