28 сәу, 2017 сағат 08:28

Діни радикалдардың қолжаулығына айналмасын десек...

Ғасырлар тоғысы мен егемендіктің елең-алаң кезінде қаптаған түрлі дін атын жамылған ағымдар ислам дінінің атын жамылып, «біздің ұстанған жолымыз дұрыс, сендердікі теріс» дегені аз болғандай, енді ислам тарихында бұрын-соңды болмаған «жыныстық жиһад» дегенді насихаттауда. Олар осыдан бірнеше жыл бұрын ғаламтор беттеріндегі әлеуметтік желілерде, бейресми жиындарда мұсылман қыздарды Сириядағы «ИГИЛ» экстремистік ұйымы тарапынан «жыныстық жиһадқа» шақырғандары болды. Олар «қасиетті жиһад» атымен жазықсыз жандарды қырып жатқан жауыздарға қыздардың тәнін ұсынуды «жыныстық жиһад» деп жарнамалауда. «Жыныстық жиһад» – уақытша неке, ал Мұхаммед пайғамбар өмірінің ең соңында жасаған «қоштасу хұтбасында» уақытша неке исламда тыйым салынған іс екенін екі мәрте қайталап айтып кеткен екен.

Исламда бір ғана неке бар, ол – ыстық пен суықты ғұмыр бойы бірге көруге серттескен екі жастың ата-анасының келісімімен жария түрде жүзеге асатын ақ некесі.

2013 жылдан тарай бастаған «жиһад әл-никах» – «ИГИЛ» жасақшыларының жыныстық қажеттілігін өтеу мақсатында туындаған жауыздық әрекет. Қасиетті дініміздің атын былғап жүргендер «жыныстық жиһадты» уақытша неке ретінде түсіндіруге тырысады, бұл – «заңдастырылған» жезөкшелік. «ИГИЛ»-дің идеологиясымағы бойынша, «жыныстық жиһадтың» түпкі мақсаты – әскери ер адаммен уақытша тұрмыс құрып, бала сүю және оны ислам шариғатымен тәрбиелеу.

Ислам атын жамылып, әлеуметтік желілерде азғындық пен адасушылыққа бастайтын келеңсіздікті жарнамаланып, Алланың ақ дініне жала жауып жүргендерді уақыт өз орнына қоятыны анық.

Бір кездері БАҚ беттерінде қанішерлердің «қуыршағына» айналып, қашып құтылған қыздың сұхбатын жариялаған халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары «ИГИЛ»-дің бетпердесін сыпырып, дүниені дүр сілкіндірді. «Маған жұмаққа барар жолды уәде етті, бос қиялға алданып, 152 еркекпен төсектес болдым», – дейді алданған қыз. Еліне жүкті болып оралған 21 жасар жас ана көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп, алаяқтардың арбауына түскен өміріндегі өзі кешпейтін қателігін басқа қыздардың қайталамауын өтінеді.

Дінтанушы Абдулла қажы Жолдасұлы «жиһад әл-никах» мәселесі жөнінде: «Жиһад әл-никах» – ислам дініне жат. «Жыныстық жиһад» – нәпсі құлдығына берілген адамдардың жиіркенішті тірлігі» дейді.

Алдамшы ағымдар мен жат пиғылды саяси топтардың «жиһадты» қару ретінде пайдаланып, аузынан ана сүті кетпеген қыздарды жаман жолға түсіріп жатқанына бей-жай қарауға бола ма?.. «Жиһад әл-никах» пен азғындықтың арасы – бір-ақ елі. Ақпараттар селдей аққан қоғамда жастар қырағы, ересектер сақ болмаса, жат ағымдарға арбалу қас қағым сәтте...

Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып, қазақ деген халықтың қандай екенін әлемдік қауымдастыққа жан-жақты танытатын кезеңде өзгенің қаңсығын таңсық қылмай, халқымызға тән құндылықтарды жаңғыртудың қажеттілігі күн санап артуда. Халқының дәстүрінен қол үзіп, рухани құндылықтарын мансұқтайтын, санасына селкеу түсірген жастар жалаң ұрандарға еліктейді. Бұл – олардың рухының әлсіреп, дәстүрлі ұстанымнан алыстауына себеп болатын қауіпті құбылыс.

Өкінішке орай, қазір асылы мен жасығы араласып, сел болып жатқан ақпараттар ағыны ұрпақты баурап, «таптырмайтын тәрбие құралына» айналғаны ешкімге құпия емес. Қыздарымыз салафилердің қолжаулығына айналмасын десек, қоғам болып атсалысатын, ел болып жұмылатын кезең келді. Енді кешіксек, келешегіміздің кемел, болашағымыздың жарқын болары екіұдай...

Жалпы қоғамның басты байлығы адам болса, парасатты да тәрбиелі қыздар – қоғамның ортаймайтын ең құнды қазынасы. «Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені олар – өмірге ұрпақ өрбітетін бастау-бұлақ. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.

Бүгінгі бойжеткен ертеңгі жар, ұрпақтың анасы, тәрбиенің бастау бұлағы, ұлағаттың қайнар көзі болатындықтан, қыздар түзелмей, қоғам түзелмейді. Қазақтың ар-намысты, иманды жігіттері көбейсе, арлы қыздары арта түсетініне күмәнім жоқ. Жаһанданудың алып тегершігінде ұсақталып кетпеу үшін дәстүрлі құндылықтарымыз бен ұлттық ерекшеліктерімізді ардақтап, ұятты ұл, қылықты қыз тәрбиелеуге елдің келешегін ойлайтын әрбір адамның атсалысуы – азаматтық парыз.

Ананың құрсағынан басталып, нәрлі сүтімен бойына дарып, жанға жайлы үнімен сүйегіне сіңетін ізгі қасиеттер баланың өмірлік ұстанымына айналатындықтан, келешегіміз кемел, болашағымыз бейбіт болсын десек, қыздарымыздың дені сау, тәні таза, өзі пайымды болғаны жөн. Ағайынның арасын жақындатып, ерінің мерейін үстем ететін есті әйел ұялмайтын ұрпақ тәрбиелеп, ел дамуына да елеулі үлес қосатыны белгілі.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең ұлыңды тәрбиеле, қоғамды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деген бабалар даналығын есте тұтып, қыздарымызды көздің қарашығындай қорғап, халқымыздың құнарлы дәстүрімен сусындату – бүгінгі аға ұрпақтың қастерлі міндеті.

C.Дуанаева, ф.ғ.к.,

ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми хатшысы

Ұлт порталы