05 мау, 2020 сағат 13:03

«Есік», «Берел» және «Шілікті» визит орталықтары салынады

2021 жылдан бастап «Есік», «Берел» және «Шілікті» визит орталықтары жұмысын бастайды. Бұл жаңалықты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еліміздің барлық жетекші музей қорықтарының аумағында визит орталықтардың құрылысы, музейфикация жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы Түркістан облысындағы «Отырар» және Алматы облысындағы «Таңбалы» визит орталықтарының құрылысы аяқталды. Биыл «Ұлытау», «Гаухар ана», «Ордабасы» және «Сауран» музей-қорықтарының визит орталықтары құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге 2021 жылдан бастап «Есік», «Берел», «Шіліктіні» іске қосуды көздеудеміз», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ алаңы арқылы халық алдында есеп беру кездесуінде.

Сонымен бірге Ақтоты Райымқұлова 2019 жылы «Әлем музейі бойынша Алтын адамның шеруі» халықаралық көрме жалғасын тауып, үш жыл ішінде көрме 12 елде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«ҚР Ұлттық музейі мен Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік музейі онлайн турлар мен виртуалды экскурсиялар бойынша ТМД елдерінің үздік тарих және мәдениет музейлері рейтингісінде ТОП-5 қатарына енгенін ерекше атап өткім келеді. 2019 жылдан бастап «Музейлер шеруі» республикалық акциясы іске қосылып, 125 отандық музейде келушілердің саны 150 мың адамды құрады», - деді министр.