Фото: facebook.com/kaken.kamzin
Белгілі профессор Кәкен Қамзин пәтерінен қалай айырылғанын баяндап, алаяқтардың әрекеті туралы айтып берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Жақында алаяқтардың құрбаны болып, жалғыз баспанасынан айырылған профессор Кәкен Қамзин оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желіде бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Кәкен Қамзиннің жалғыз баспанасынан айырылғаны жайлы ақпарат тараған еді.
Дереккөздердің хабарлауынша, профессорға бейтаныс адам «Энергосбыт» мекемесінің қызметкері ретінде хабарласып, оның жеке деректерін сұрап алған. Кәкен Қамзин оған өзінің ЖСН нөмірін берген.
Одан кейін өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған тағы бір адам хабарласып, профессордың жеке деректері алаяқтардың қолына түскенін айтқан. Ол тез арада үйді сату қажеттігін ескертіп, егер уақытында сатылмаса, жағдайдың қиындайтынын жеткізген. Осылайша, профессор пәтерін сату арқылы алаяқтардың қолына ақша беріп қойған.
Профессордың айтуынша, ол үш бөлмелі пәтерін небәрі 31 миллион теңгеге сатқан.
Кәкен Қамзин бүгінгі жазбасында 1983 жылдан бері тұрып келе жатқан үйінен айырылып қалатынын ашық айтты.
«Құрметті жамағат, Facebook-дегі қадірлі достар! Осы жазбаны жазуға енді ғана шамам келді. Ауыр психологиялық соққыдан есімді енді жинадым. Менің басыма түскен жағдай туралы әлеуметтік желідегі жазбалардан көпшілік хабардар шығар. Кибералаяқтардың құрбаны болғаным шындық», – дейді профессор.
Оның сөзінше, бұл – қарапайым интернет алаяқтық емес, жақсы ұйымдастырылған, жүйелі қылмыстық схема.
Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер тек цифрлық технологияларды ғана емес, психологиялық әсер мен гипноз әлеуетін, сондай-ақ әртүрлі мекемелердегі жалдамалылардың деректерін өте шебер қолданады. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары бұл істі жан-жақты тексеріп жатыр, – дейді профессор.
Кәкен Қамзин бұл оқиғаны басқаларға сабақ болсын деп жариялағанын атап өтті.
«Айтылатын да, айтылмайтын да нәрселер бар. Осындай зауал дәл менің басыма түседі деп кім ойлаған? Іштей Алладан бұдан кейін де өмірім ұзақ болсын, жүрегім жігерлі, бойым қуатты болсын деп тілеп жүрмін. Енді нақты айтсам, 1983 жылдан бері тұрып келе жатқан, бала-шағамды өсірген баспанамнан айрылғалы отырмын. Бірсыпыра адамдар шын ниетпен жанашырлық білдіруде, әсіресе шәкірттерім. Оларға мың да бір рақмет! Адамгершіліктің өлшемі де осы емес пе? Бұл жазбамды сіздерге сабақ болсын, ақпараттық алаңдағы жылтылдаған, жарқыраған жазбаларға көп сене бермеңіздер деген оймен жариялап отырмын. Аман болыңыздар, ағайындар!» – деді профессор.
