Фото: Getty Images
Гонконгтегі тұрғын үй кешенінде болған алапат өрт салдарынан қаза тапқандар саны 44 адамға дейін өсті. Бұл туралы Қытайдың арнайы әкімшілік ауданын басқаратын Джон Ли 27 қараша күні таңертең өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін 36 адамның қаза тапқаны, 279 адамның жоғалғаны хабарланған. Билік өкілдерінің дерегінше, 29 адам ауруханаға жеткізілген, оның ішінде жетеуінің жағдайы ауыр.
Өрт сәрсенбі күні қаланың солтүстігіндегі Тай По ауданында басталып, бамбуктан жасалған құрылыс қаңқалары арқылы тез таралып, бірнеше биік тұрғын үйлерге жайылған. Өрт сөндірушілердің мәліметінше, Wang Fuk Court тұрғын кешенінің сегіз корпусының кемінде бесеуі өрттің ошағында қалған.
Қаза тапқандардың арасында бір өрт сөндіруші бар. Ол өртті сөндіру кезінде байланыссыз қалып, кейін денесінде күйік жарақаттарымен табылған.
Билік бұл оқиғаға ең жоғары — бесінші деңгейдегі қауіптілік санатын берді. Гонконгта мұндай деңгей 2008 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.
Өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Дегенмен жергілікті тұрғындар бұған дейін құрылыс нысанында жұмыс істейтін жұмысшылардың темекі шегетініне шағымданған. South China Morning Post басылымы полицияның кездейсоқ адам өлтіру бабы бойынша үш адамды ұстағанын хабарлады.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты және Гонконг билігіне өрттің зардабын азайту үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды.
Гонконг — әлемдегі ең биік әрі халық тығыз орналасқан тұрғын үйлері бар қалалардың бірі. Бұрын қалада өлімге әкелетін өрттер жиі тіркелетін. Алайда соңғы онжылдықтарда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, мұндай ауқымды өрттер сиреген.
