Фото: ұйымдастырушылардан
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында аты аңызға айналған «GULDER» ансамблінің концерті өтті.
Концерттің алғашқы минуттарында көрермен "Gulder" ансамблінің тарихы жайлы бейнероликті тамашалады.
Көрерменнің ыстық ықыласымен мәдени кеш инструменталды-хореографиялық композициямен жалғасты. G-band тобының сүйемелдеуімен «Gulder» ансамблінің балеті сахнада жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Концерт барысында қазақ музыкасының алтын қорынан орын алған шығармалар мен әлемдік хиттер ерекше үйлесім тапты.
Кеште халықаралық конкурстардың лауреаттары Дидар Абдухалық, Абзал Өсімбаев, Ербол Тәжібаев, Нұрай Шеру, Сұлтан Ахмет, сондай-ақ белгілі мәдениет қайраткерлері Алибек Альмадиев, Гүлсім Мырзабекова, Алтыншаш Мұқатаева және Анна Уварова өнер көрсетті.
Көрермен назарына ұсынылған «Өмір-өзен», «Үкілім-ай», «Мен деп ойла» сынды туындылар қазақ музыкасының көркемдік болмысын танытты.
Сонымен қатар «Sway» және «Historia de un amor» секілді әлемдік бірегей шығармалар кештің көркін аша түсті.
Мың бұралған бишілер түрлі елдің биі арқылы әр халықтың бояуын сахнада айқын көрсетті.
Алғаш сахналанған «Жер ана» премьерасы көрерменге ерекше толғаныс сыйлап, ал «Қорқыт» композициясы заманауи пластика мен ұлттық рухты ұштастырды.
Кеш соңында барлық өнер майталмандары «Қазақ даласы» шығармасын орындап, концертті қорытындылады.
Аты аңызға айналған «Gulder» ансамблінің концерті көрермен жадында керемет естелік қалдырғаны сөзсіз...
