26 қаң, 2026 сағат 15:34

ІІМ Threads-тағы «қыз/жігіт іздеймін» хабарламаларына абай болуға шақырды

Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «қыз іздеймін», «жігіт іздеймін», «шынайы қарым-қатынас іздеймін» деген танысу ұсыныстары жиілеп кетті. ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай жазбалардың артында шынайы қолданушылар да, алаяқтар да болуы мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz.

Қылмыскерлер көбіне өздерін тартымды жас жігіттер немесе қыздар ретінде көрсетіп, белсенді сөйлесіп, қызығушылық танытып, уақыт өте келе жәбірленушінің сеніміне кіреді. Кейін олар түрлі өмірлік қиындықтарды, ауру-сырқауды себеп етіп, ақша сұрай бастайды.

Көбіне қаражатты шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғаның есепшотына аударуды талап етеді. Алаяқтықтың белгілеріне бейнеқоңырау арқылы сөйлесуден және жеке кездесуден қашқақтау жатады.

Қазақстандықтарға интернеттегі бейтаныс адамдарға ақша жібермеу және жеке мәліметтерін бермеу ұсынылады. Құқыққа қайшы әрекеттер анықталған жағдайда міндетті түрде полицияға хабарлау қажет.