23 мам, 2017 сағат 08:32

Иманғали Тасмағамбетов. Көне жазбаларымыз жаңа Қазақстанға қызмет етедi

Біз Жұбан ағамыздың «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген рухы биік өлең жолдарын қайталап айтқанды тәуір көреміз. Бірақ талай қилы-қилы замандарды бастан өткерген сол қазақ «кім еді, қайдан шықты...» дегенге жауабымыз сараңдау боп жатады. Тарихқа жақын жүрген адамдарымыз болмаса, жалпы ел халқымыздың өткен-кеткенінен көп құлағдар емес. Жетпіс жыл бойы мектеп қабырғасында өзіміздің емес, өзгенің тарихын оқып, аударма оқулықтармен тәрбиеленген бодандық ахуалымыздың жегі құрттай жеген бір зардабы осы.

Тәуелсіздік алғалы бұл мәселе төңірегінде құлшынысымыз күшті болғанымен, өтпелі кезең қиыншылықтар килігіп кең ауқымды тірлік жасауға мұршамыз келмей жатқаны да рас. Әйтсе де тырбаныс бар. Ақырындап алғашқы төл оқулықтарымыз дүниеге келіп жатыр. Кешелері ғана тұсаукесері өткен Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Атамұра» корпорациясы баспасынан 1-сыныпқа арналған мүлдем жаңа оқулықтардың шығарылуы – жалпы ұлттық маңызға ие мәдени оқиға.

Халықтың рухын биіктетуде оның тарихи санасын қалыптастыру, яки тарихпен тәрбиелеудің үлесі өлшеусіз. Осы тұрғыдан алғанда да қазақ үшін көне түрк жазба ескерткіштерінің жөні бөлекше. Тілі мен өмір салты бүгінгі қазақтарға тым жақын Түрк қағанаттары дәуірінде дүниеге келген асыл жауһарларымызды бүгінгі ұрпаққа таныстыру, сол есте жоқ ескі замандарда-ақ өркенді жазу-сызу мәдениетіміз болғандығы туралы ақиқатты мектеп оқулықтарына енгізу әр қазақстандықтың бойына мақтаныш, ерекше отансүйгіштік сезім ұялататыны анық. Міне, сол себепті де қазір Моңғолия жерінде тұрған ұлы жазба ескерткіштердің көшірмелерін Қазақстанға алып келіп орнатса ше? Халқымыздың терең тарихын айғақтайтын, ұлтымыздың абыройын асқақтататын теңдесі жоқ тәрбие құралына айналмай ма ол.

Осы ретте бұл пікірді Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы мен Премьер-Министріміз Әкежан Мағжанұлының бірден қолдап, «мемлекетіміз үшін тарихи маңызы бар мәселе» деп қабылдағанын айта кеткім келеді. Соның арқасында шілде айының басында Моңғолияға арнайы делегация барып, мемлекетаралық келісім жасап қайттық. Ол бойынша Моңғол жағы бізге өз жерлеріндегі көне түрк жазба ескерткіштерінің көшірмесін алуға рұқсат берді.

Әрине, келісім жасау барысында бірқатар тосқауылдар да болмай қалған жоқ. Моңғолияда бес жылдан бері Түркия мемлекеті Орхон жазуларын зерттеу, қалпына келтіру, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Олармен жасаған келісім бойынша үшінші жақ араласпасын деген мәміле бар көрінеді. Алайда Қазақстанда Жошы хан мавзолейіне жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, екі елдің бір-біріне бөтен еместігін алға тарта отырып.. ақыры уағдаластыққа қол жеткіздік.

Алматыға келгеннен кейінгі алғашқы атқарған шаруаларымыздың бірі – әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университет жанынан көне түрк жазба ескерткіштерін оқу-зерттеу орталығын ашқанымыз болды. Оған белгілі түрктанушы ғалым Алтай Аманжолов жетекшілік жасайды. Қазір осы орталықты жабдықтау мәселесімен айналысу үстіндеміз. Болашақта бұл тақырыпты зерттеуге Ғылым академиясы да, Ақмоладағы Еуразия университеті де өз тарапынан араласады деп ойлаймыз.

Келесі жылдың жазынан бастап Моңғолия жеріндегі қалың көне түрк жазба ескерткіштерінің түрлі-түсті суретке, бейне таспаға түсіріп алу үшін арнайы экспедиция ұйымдастырсақ па дейміз. Оны Баянөлгей аймағында тұратын, Моңғолиядағы бітіктастар мен мүсінтастардың теңдесі жоқ білгірі, түрктанушы-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлына басқартамыз. Бұл кісінің қолында жазба ескерткіштердің бар мәтіні түгел дайын болғандықтан, альбом-атласты көп ұзатпай шығартып жіберуге де мүмкіндігіміз бар. Жалпы Қаржекеңдей ірі ғалымдарды Алматыға көшіріп алып, зерттеу жұмыстарына қолайлы жағдай жасау ойымызда.

Білге қаған, Күлтегін, Тұй-ұқық, Мойын –Шор, Күүлі-Шор, Тариат, Тэс сияқты басты-басты жазба ескерткіштерінің көшірмесін жасағаннан кейін оларды жаңа астана Ақмолаға орнатсақ па деген ұйғарымға келгендейміз. Елбасымен келісе отырып, Ақмолада жаңадан абаттанып жатқан саябақ маңынан «Көне жазбалар алқабы» атты ашық аспан астындағы мұражай ашу көзделді. Қазақстанның мөлтек территориясы секілденіп жасалынатын бұл алқапта әр аймағымызда бар көне ескерткіштердің өзі немесе көшірмесі сол тұрған аймағына сай орнатылмақ. Мәселен, Маңғыстау түбегі белгіленген маңда сол өңір мұралары тұрады... дегендей. Ал, Моңғолиядан көшірмесі алынатын бітіктастар сол мөлтек территориямыз бейнеленетін алқаптың басты ескерткіші болмақ.

Жақында Қазақстанның Италиядағы елшісі Олжас Сүлейменов ағамыздан хат алдым. Көне түрк жазба ескерткіштерінің байырғы жанашырларының бірі біздің әрекеттерімізді естіп, қуанышын білдіріпті. «Сіздердің  Орхонға қатысты тірліктеріңізді естіп қуанып қалдым. Оны соңғы жылдардағы ең жағымды жаңалық дер едім, - депті Олжекең. «Жазу мұражайы» туралы арман орындала бастаған сияқты. Ондай мұражай дүниеде жоқ. Жалғыз Бейрутта еді – үстінен бомба түсіп тас-талқан болды.  Егер Алматы Орхон-Енесай жазуларын жинақтайтын болса, мен түрік бәдізшілерінің қаламы тиген Этрустардың қыш кестелері  мен ескерткіштерін тауып беруге уәде етемін. Бірақ моңғол бітіктастарынан бастау керек. Бұл дегеніңіз ұлы іс. Мұндай мұражай біздің тарихи санамызға ерекше тереңдік телиді және ұрпақ бойында оқулықтар мен академиялық еңбектерден гөрі мақтаныш пен отаншылдықты молырақ тәрбиелейді. Ең бастысы осы ырғақты жоғалтпау, жақсы келісімді бюрократия былығына батырмау, моңғол ағайындарды қайта-қайта мазалай беруді ұмытпау...», - депті Олжекең.

Тәуелсіз еліміз үшін төл тарихын зерделейтін білімді ді білікті, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – негізгі мәселелердің бірі. Өйткені алдағы ғасырда отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – негізгі мәселелердің бірі. Өйткені алдағы ғасырда Қазақстанның атақ-абыройын асыратын да жасыратын да солар. Әлем мойындаған көне жазба ескерткіштеріміз жаңа Қазақстанның жасампаз толқынының рухын биіктетуге үлес қосып жатса, одан артық ғанибет бар ма?!...

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің

Орынбасары, Білім және Мәдениет министрі

1997 жыл

«Ана тілі» ұлт апталығы газеті. №35 (386)