Фото: Бас прокуратура
Интерпол активтерді іздеу және қайтару бойынша жаңа құралды енгізу аясында Қазақстан Республикасының алғашқы «Күміс хабарламасын» шығарды. Бұл құжат активтерді қайтару туралы заңға қатысы бар тұлғалардың мүлкіне қатысты ақпарат алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ult.kz.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстан Активтерді қайтару жөніндегі комитет атынан осы пилоттық жобаға қосылып, Интерполдың жұмыс тобының құрамына кірген болатын.
Жобаға Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Қытай, БАӘ және тағы басқа 50-ден астам ел қатысады. Жалпы, бұл тетік Интерполдың құрамындағы 196 мемлекеттің арасында заңсыз иемденілген активтер жөнінде ақпарат алмасуға жол ашады.
«Күміс хабарламаның» көмегімен заңсыз алынған жылжымайтын мүлік, көлік, қаржы қаражаттары мен басқа да активтерді қадағалау және сәйкестендіру жеңілдейді. Бұған дейін Интерпол негізінен халықаралық іздеудегі адамдар туралы ақпаратпен жұмыс істесе, енді заңсыз активтерге де ерекше назар аударылмақ.
Комитет мәліметінше, мұндай қадам Қазақстанның сыртқы алаңдағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, активтерді қайтару тетіктерін жетілдіруге ықпал етеді.
