28 нау, 2019 сағат 11:16

Қаламқастағы апаттан экологияға үлкен зиян келмеді - Энергетика министрлігі

ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Қаламқас кен орнындағы апаттың салдарын түсіндірді, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін от толығымен өшірілді. Біз ол жерде арнайы экологиялық бекетті аштық. Соның мәліметіне сәйкес, қоршаған ортаға үлкен экологиялық зиян келген жоқ. Себебі жердің астынан газ бен су шықты. Мұнай болған жоқ. Ал газ толығымен жанып кетті", - деді М.Мырзағалиев журналистерге берген сұxбатында.

Оның айтуынша, алдағы уақытта босқа жанып кеткен газдың көлемі есептеледі. Соның негізінде экологияға келген зиянда да анықтауға мүмкіндік бар. "Осы жұмысқа бірнеше апта кететін шығар. Сол кезде біз барлық ақпаратты жариялаймыз", - деп атап көрсетті М.Мырзағалиев.

Айта кетейік, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.