09 шіл, 2025 сағат 15:07

Қандай мамандық таңдайсың, жас талап?

 

Фото: Ашық дереккөз


7 шілде күні Қазақстан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі толықтай аяқталды. Биылғы ҰБТ-ға қатысқан жүз мыңдаған түлек үшін ең маңызды сынақ кезеңі өз мәресіне жетті. 2025 жылғы негізгі ҰБТ дәстүрлі форматта 16 мамыр мен 7 шілде аралығында өтті. Бұл – түлектердің жоғары оқу орнына түсуге бағытталған басты сынағы болды. Білім және ғылым министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, тестілеуге 216 мыңнан астам талапкер өтінім берген. Тестілеуге екі рет қатысу мүмкіндігі арқылы өтініштер саны 399 мыңға дейін жеткен. Осы орайда Ult.kz тілшісі биыл көп таңдалған пәндер мен мамандықтарды тізбектеп көрді.

 

Көп таңдалған пәндер

 

ҰБТ-2025 – талапкерлер үшін тағы бір тарихи кезең. Енді жастарымыз үшін ең бастысы – жоғары оқу орнына түсіп, армандарын жүзеге асыру.

Ең көп таңдалған пәндер:

 

Математика – Физика
Биология – Химия
Математика – Информатика

 


Тестілеу форматы бұрынғыдай сақталды:

 

3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық)
2 бейіндік пән
Барлығы – 120 сұрақ, максималды балл – 140
Тест уақыты – 240 минут (ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге +40 минут)

 


Мамандықты дұрыс таңдау

 

Енді жас талапкер мамандық таңдауға кіріседі және құжаттарын бірнеше жоғары оқу орнына тапсырады. ҰБТ-ны талапкерлердің 76 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде және 253 адам ағылшын тілінде тапсырған. Алты аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 72 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 67-ні құрады.


Ал мамандардың айтуына қарағанда жас талапкерлер мамандық таңдауда көбінесе төмендегідей қателіктер жібереді:



- Ата-анасы үшін мамандық таңдау;
- Мамандықты таңдауға ақпараттардың жеткіліксіздігі;
- Өзінің психологиялық арман, мақсат-мүддесін түсіне алмау;
- Басқалар не таңдаса, соған көңіл бөлу;
- Грант көп берілетін мамандықтарды таңдау;
- «Диплом алсам болды» деген пікірді ұстану.


Жас түлек үшін мамандық таңдау – тек оқу бағытын белгілеу ғана емес, ол – өмірлік жолдың бастамасы. Бұл шешім адамның келешектегі табысына, жұмысқа деген қанағаттануына және өзін-өзі дамытуына тікелей әсер етеді. Сондықтан да бұл қадамды жеңіл-желпі қабылдауға болмайды.


Мамандық таңдауда ең алдымен адам өзін тануы қажет. Қандай пәндерді сүйіп оқисың? Қай салада жұмыс істеу сені қуантады? Тұлғалық ерекшеліктерің мен құндылықтарың неге бейім? Бұл сұрақтарға шынайы жауап беру – мамандыққа апарар бірінші қадам.


Дұрысы, ең алдымен үміткердің өзі ҰБТ-ден қанша балл алды, соған басты назар аударылуы керек. Мысалы, білім беру гранттары конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша бұзылмайтын арнайы шекті баллдар белгіленген. Оны да жете зерттеген дұрыс. Мысалы, биыл «Құқық» және «педагогикалық ғылымдар» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойынша – кемінде 70 балл, Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл, қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне түсу үшін – кемінде 50 балл алуы керек. Ал ақылы негіздегі  кейбір жоғары оқу орындары шекті деңгейді өздері белгілеуге құқылы.

 

Болашақтың тренд мамандықтары

 

Болашақ мамандықтары – тек табысты болу жолы емес, әлемге пайдалы болудың мүмкіндігі. Бүгінгі таңда бір ғана диплом жеткіліксіз болуы мүмкін. Үздіксіз үйрену, сан қырлы болу, технология мен адамзаттың дамуын қатар ұғу – жаңа заман талабы.

Келешекте қандай мамандықтар трендте болады, мұны да таразылаған абзал. Мысалы, World Economic Forum 2025-2030 жылдары сұранысқа ие болатын  ІТ-дәрігер деген мамандықты атады. Сондай-ақ биоинженер, «деректер талдаушысы» немесе «data-аналитик» деген мамандықтар да алдағы уақытта сұранысқа ие болмақ.

Цифрлық технология, жасыл экономика, медицина, педагогика, инженерия, агротехнология, робототехника және логистика – қазіргі таңда болашағы зор салалардың қатарында. Адамзаттың өзгеріп жатқан қажеттіліктері мен нарық сұранысына қарай бұл салалар алдағы жылдары да маңыздылығын жоғалтпайды.

Ақбота Мұсабекқызы