Фото: Gov.kz
1 қазан – Қарттар күні. Осы айтулы күнге орай, елордадағы зейнеткерлерге
2,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (9 830 теңге) біржолғы ақшалай көмек
көрсетіледі. Бұл қолдауды Нұр-Сұлтандағы 100 мыңға жуық зейнеткер алады. Ал
Алматыда мұндай төлем қарастырылмаған. Осы орайда Ult.kz тілшісі «Бүгінгі
заманда қарияларымыздың жай-күйі қандай?», «Оларға мемлекет тарапынан қандай
қолдау көрсетіліп жатыр?», «Қоғамның көзқарасы мен қамқорлығы жеткілікті ме?»
деген сияқты сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Зейнетақы көлемі мен алдағы реформа
Қазақстанда зейнетақы – қарттардың негізгі табыс көзі. 2025 жылғы
қыркүйек айындағы дерекке сәйкес:
Орташа зейнетақы – 179 мың теңге, оның ішінде:
Солидарлық бөлік – 95 мың теңге,
Базалық бөлік – 47 мың теңге,
Жинақтаушы бөлік – 36 мың теңге.
Алайда бұл сома
ірі қалалардағы қымбатшылықты ескерсек, ең төменгі қажеттілікті ғана өтеуге
жетеді. Мысалы, Астанада орташа зейнетақы –
166 мың теңге, ал Түркістан облысында – 119 мың теңге.
Мұндай қаржымен жайлы өмір сүру мүмкін емес екені белгілі.
8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы
жүйесіне арнайы тоқталып, оның кемшіліктерін сынады:
«Жинақтардың мардымсыздығы әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында айқын байқалады. Үкімет Ұлттық банкпен және Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесе отырып, жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға нақты шара қабылдауы тиіс».
Халықаралық
стандарт бойынша, зейнетақы бұрынғы жалақының кемінде 40%-ын өтеуі тиіс.
Қазақстанда бұл көрсеткіш 44,2% деп көрсетілсе де, зейнетақының негізгі бөлігі
солидарлық және базалық төлемдерге тиесілі.
1998 жылдан кейін еңбек еткен азаматтар солидарлық бөліктен айырылған, демек, болашақта олардың зейнетақысы тек жинақтаушы жүйеге тәуелді болады. Алайда қазіргі жинақ көлемі тым аз:
Әр азамат ай сайын табысының 10%-ын жинақтайды;
Орташа жалақы 423 мың теңге болса, жинақ көлемі шамамен 35–36 мың теңгені құрайды.
Жаңа модельге сәйкес:
2027 жылға дейін базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70-120%-на дейін артады;
2028 жылға дейін жұмыс беруші жарнасы 5%-ға дейін өседі;
2065 жылы еңбек жолын енді бастаған азаматтар зейнетке шыққанда, жалақысының 30%-ын жинақ есебінен алуы көзделіп отыр.
Отбасылық жылулық пен қоғамдық құрмет
Қазақстанда 2,2
миллионнан астам зейнеткер бар. Олардың бірқатары белсенді өмір сүріп, қоғамдық
ұйымдарда еңбек етеді, кәсіппен айналысады. Бірақ әсіресе ауылдағы қариялардың
жағдайы алаңдатарлық:
Медициналық қызметтің жетіспеушілігі,
Көлік инфрақұрылымының әлсіздігі,
Жалғыздық – басты мәселелердің бірі.
Қазақстанда мемлекеттік және жекеменшік қарттар үйлері жұмыс істейді. Мұнда
түрлі себеппен жалғыз қалған жандар тұрады. Бірінің баласы жоқ, енді бірі – бар
баласынан мейірім көрмеген.
Қарттар үйінде:
Үш мезгіл тамақ,
Медициналық қызмет,
Психологиялық көмек,
Мәдени іс-шаралар ұсынылады.
Жалпы елімізде «арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар» – оның
ішінде қарттар үйі, мүгедектер үйлері, медициналық-әлеуметтік мекемелер бар
ұйымдардың жалпы саны 2023 жылдың соңында 291 болған.
Олардың ішінде:
Медициналық-әлеуметтік мекемелер – қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға
арналған мекемелер саны белгіленген.
2021 жылы қарттар үйі ретінде тіркелген мекемелер саны – 53.
2022 жылы мен соңында осындай ұйымдардың саны – 281.
Сол жерде
стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша қабылдайтын мекемелер бар.
Мемлекет зейнетақы жүйесін реформалап, қарттарға медициналық және әлеуметтік қолдауды күшейтуге күш салып жатыр. Қарияға құрмет жылына бір күнмен шектелмеуі тиіс.
