Фото: Pexels.com
Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы Сәтбаев атындағы орта мектепте 9-сынып оқушысы көз жұмды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қарасай аудандық білім бөлімінің мәліметінше, қайғылы оқиға алғашқы сабақтан кейінгі үзіліс кезінде болған. Толық мәлімет жарияланбағанымен, олардың айтуынша, 15 жастағы жасөспірімнің кенеттен жағдайы нашарлап, мектеп әкімшілігі дереу жедел жәрдем шақырған.
"Жедел жәрдем бригадасы көрсеткен реанимациялық және медициналық көмекке қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Оқушы оқиға орнында қайтыс болды. Бұл отбасы, жақындары және бүкіл мектеп ұжымы үшін ауыр қайғы", – деп хабарлады Қарасай ауданының білім бөлімі.
Сондай-ақ білім бөлімінде құзырлы органдар тексеру және тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын айтты. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
