Фото: ҚР ОАМ
Мемлекет басшысы Барселона қаласында өткен халықаралық STEM олимпиадасында, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған химия пәнінен халықаралық олимпиадада жеңіске жеткен қазақстандық оқушыларға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұны еліміздің абырой-беделін арттыра түсетін тарихи жетістік ретінде бағалады.
"Бұл – Қазақстанда білім беру саласы қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Мемлекет жастардың сапалы білім, тағылымды тәрбие алуына әрдайым баса мән береді. Еліміз сіздерді мақтан тұтады. Жарқын жеңістеріңіз көп болсын!" – деп жазды Президент.
Айта кетейік, халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі – алтын медаль.
Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
- Кирилл Ким — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Абылай Кабдулхадыр — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Еңлік Бақытбекова — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Аңсар Жақсылықов — Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.
Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:
- Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
- Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі - қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.
Бұл Олимпиада әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Жетекші ұстаздарға да ынталандыру төлемдері көзделген. Еске салсақ, былтыр IChO-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.
