03 там, 2023 сағат 05:29

"Қатты жер сілкінсе, қырылып қалғандай екенбіз": Шыңғыс Мұқан «Ақкенттегі» өрт туралы

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

"Ақкент" неге өртке оранды?

Кеше өрт шалған “Ақкенттегі” үйде апам мен жиендерім тұрады. Бесінші қабатта. Өрт сол бес пен алтыншы қабаттарда болғанға ұқсайды. Лифт шахтасы мен ондағы кабелдер өртенген секілді.

"Бір иіс келе бастады. Сағат төрттің кезі. Пәтердің есігін ашсам, қою түтін, дым көрінбейді. Мамамды алдым да, шүберекке су бүркіп, тұмшаландық та балконға шығып, өрт сөндіру қызметіне хабарластық", - дейді жиенім.

Бұл кешенде дені қазақтар тұрады. Көбі мембағдарламамен алған: көп балалы аналар, жастар. Жаздың кезі, балалар үйде. Лифт алаңын түтін шалмаған қабатта тұратындар шамасы баспалдақпен өздері түскен.

Апам мен жиенім балконда біраз тұрған. У-шу. Балкондардан секіріп жатқан. Бір уақытта өрт сөндірушілер келіп, балконның терезесі арқылы сатымен түсіріп алған. Бесінші қабаттан. Бірнеше сатыны жалғап, әр тұсынан бір-бір адам ұстап, теңселіп тұрған сатымен әрең түскен. Құдай сақтады деп отыр. Құрылысшылар келіп көмектескен. Осыдан шығатын қорытынды.

1. Үйдің сапасы. Егер өрт тұйықталған тоқтан болса, демек оны білігі төмен біреу істеген. Құрылыс компанияларында әрбір жұмысты қайта тексеріп отыратын сапа менеджменті жоқ. Құрылысты қабылдайтын авторлық бақылау мен техбақылау көзді жұмып қол қояды. Оны мемлекеттік органдардың қалай қабылдап алатынын білеміз.

2. Өрт қауіпсіздігі. Балконда төмен түсетін теппешік бар. Бірақ, қазақ десе өзіңе тиеді, оның үстіне шкаф жасап, сандық қойып, лақтыруға қимайтын қажеті жоқ заттарды жинап, оны жауап тастаймыз. Егер сол төмен түсетін темір терезе ашық болғанда, кеше балаларды лақтырмай-ақ балконнан балконға төмен түсуге болар еді. Оған МИБ-тің (ОСИ) төрағасы да мән бермейді, өрт қауіпсіздігі қызметі де тексермейді.

3. Өрттен қорғаушылар жылдам келмеген секілді. Келген болса, тұрғындар кілем керіп, балконнан адамдарды қағып алуға ұйымдаспас еді. Келген күннің өзінде жоғарыдағыларды түсіріп алатын ия ұзын саты жоқ, ия арнайы техника жоқ.

P.S. Бұдан шығатын қорытынды: егер бір тұрғын үйдің бірнеше қабатынан шыққан түтін (жалындаған өрт болмаған секілді, кабельдер күйіп қара түтін шыққан) осындай трагедияға алып келген болса, Құдай сақтасын, қатты жер сілкінсе, қырылып қалғандай екенбіз.

P.P.S. Алматылықтар қызық екен, әкім қайда деп шулап жатқан жоқ, бір-біріне көмектесіп өздерімен өздері шапқылап жүр. Шымкентте болса, әңгіме әкім қайдадан басталып, қала әкімі басында жүрмесе, халық жеп қояр еді.

Не де болса, халқымыз қатерден аман болсын!

Шыңғыс Мұқан / Facebook