01 ақп, 2019 сағат 06:15

"Қауіпсіз мектеп" - бала қауіпсіздігінің басты кепілі

Бала қауіпсіздігі мәслесінің маңызы зор. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет. Бұл тақырыптың маңыздылығы Елбасы жолдауынанда да айтылып өтті. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында балалар қауіпсіздігіне қатысты арнайы тапсырмалар берілді. 

Елбасы өз жолдауында: «Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын», - деген болатын.

Бүгінде аталған жұмыстарға байланысты, қажетті іс-шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде.

Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мектеп процесін автоматтандыру мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы іске қосылды.

Аталған жоба шеңберінде Павлодар облысы Ақсу қаласының екі мектебінде (№2, Үштерек ауылындағы мектеп) және "Жас дарын" мамандандырылған мектебінде арнайы турникеттер орнатылды. Осы арқылы бөгде тұлғалардың білім ордасының аумағына еркін енуіне тосқауыл қойылды. Жобаның басты мақсаты - білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алушылар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және оқу орындарында қауіпсіздік шараларын жетілдіру. Бұл жұмыстар оқу орнындағы тәртіпті нығайып, білім үлгерімінің артуына оң әсерін тигізуде.

Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Павлодар және Екібастұз қалаларының білім беру ұйымдарында қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелерінің жабдықтарын орнату және пайдалануға беру туралы жобаларын енгізу бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр. Жобаны іске асыруға Павлодар қаласының 39 мектебі мен 89 мектепке дейінгі балалар ұйымы, (жабдықтарды сатып алу және орнатуға - 200,0 млн. теңге жоспарланған), Екібастұз қаласының 4 мектебі (жабдықтарды сатып алу және орнатуға - 19,4 млн. теңге жоспарланған) белгіленді.

Жоспарланған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының негізгі мақсаты - "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында балалар қауіпсіздігін, өрт қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, террористік қарым-қатынасқа осал объектілерді террористікке қарсы қорғау жүйелерін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарына келіп-кету есебін автоматтандыру. Жобаларды іске асырудың жоспарлы мерзімі 2019-2023 жылдар аралығы деп есептеліп отыр.

Білім беру басқармасы қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген жобаларға инвестициялық ұсынысты әзірлеу бойынша іс-шаралар жүргізуде.

Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті жақсарту үшін Павлодар облысының білім беру объектілерінде 7859 бейнебақылау камерасы (100%) орнатылған, оның ішінде мектепте - 4149, мектепке дейінгі ұйымдарда - 2414, колледждер мен басқа білім беру ұйымдарында - 1296 бейнебақылау камерасы бар.

2019 жылы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының балабақшалары, мектептері, колледждерінің ішкі үй жайына қосымша 2,9 мыңнан аса бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.

Мұның бәрі балалар қауіпсізді үшін жасалып жатқан істердің бір парасы ғана. Тәртіп пен тәрбиенің ұштасуы қауіпсіз қоғамды қалыптастырады. Ал, ол қоғам әр адамның игілігі мен ізгі өміріне жарық шашары анық. Ел болашағының баянды болуы бүгінгі игі істерден басталмақ. Ұрпақ саулығы - ұлт келешегі. Балалар қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы тиіс.