Фото: E-history.kz
Ұлттық статистика бюросы XIX-XX ғасырдағы тарихи тұлғалардың деректер жинау ісіндегі рөлін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы қазақтың ағартушы-ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің статистиканың қалыптасуына қосқан үлесі туралы еске салды. XIX-XX ғасырлардағы ұлт зиялылары елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды талдауға қажетті деректерді жинап, ғылыми тұрғыдан саралап, болашақ статистика ғылымының іргетасын қалауға атсалысты.
Абай Құнанбаев – ұлы ақын әрі ойшыл 1882 жылы Семей қаласында өткен алғашқы халық санағына қатысып, Семей статистика комитетінің мүшесі болған.
Шоқан Уәлиханов – оның «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері» және басқа да ғылыми еңбектері қазақтар мен өңірдегі басқа халықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты көптеген статистикалық деректерді қамтиды.
Ыбырай Алтынсарин – оның ресми құжаттары, хаттары мен педагогикалық еңбектерінде мектептер саны, оқушылар құрамы, Торғай уезіндегі отбасылардың ауыр жағдайы және жер бөлінісі туралы нақты деректер кездеседі.
Әлихан Бөкейхан – «орманшы-статистик» мамандығы бойынша білім алған. Тобыл губерниясындағы статистикалық жұмыстарға қатысып, Ф. А. Щербинаның экспедицияларында жер пайдалану мен мал шаруашылығын зерттеген. 1904 жылы ол «Далалы өлкедегі қой шаруашылығы» атты еңбегін жариялады. Онда кестелер, графиктер мен картограммалар ұсынылған. Ол өз еңбектерінде былай деп жазған: «Бір қазақ шаңырағында орта есеппен 5,75 адамнан келеді. Ауқатты 8 топтан тұратын қазақ отбасының ең кедейінде 0,86 мал басы, ал одан ауқаттырақ отбасыларда 34,75 мал басы есептелген. Қазақ шаруалары қоныс аударған шаруаларға қарағанда 2 есе аз нан жесе, етті 6 есе артық жеген».
