Фото: yandex.kz
Боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Бивол қазақ және қырғыз халықтарын қорлап, әлеуметтік желіде дөрекі сөздер айтқаны үшін Қырғызстан Ішкі істер министрлігі алдын ала тергеу жүргізуді бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
ІІМ дерегінше, Екатерина Бивол ұлтаралық сыйластық қағидаларын бұзған. Ведомство мұндай қылықтарға жол берілмейтінін атап өтті.
«Азаматтың тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір тұлға заң талаптарын орындап, өшпенділік тудыруға жол бермеуі қажет. Қазіргі уақытта бұл оқиға тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады Қырғызстан ІІМ.
Министрлік тексеру соңына дейін жүргізіліп, оның іс-әрекетіне құқықтық тұрғыда баға берілетінін қосты.
Ажырасқаннан кейін Екатерина Бивол әлеуметтік желілерде белсенді бола түсті. Ол бұрынғы жұбайы туралы жиі сезімге толы жазбалар жариялап, спортшыны алимент мөлшерін азайту мақсатында табысын жасырып отыр деп кінәлаған. Сондай-ақ оның жанкүйерлеріне де сын айтқан.
Еске сала кетсек, 34 жастағы Дмитрий Бивол — Ресей мен Қырғызстанды қатар танытқан кәсіби боксшы. Ол жартылай ауыр салмақта WBA, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған.
