24 қар, 2025 сағат 14:45

«Қазақ тілін үйрену – жүректен шыққан шешім»: Александр Сонның шынайы әңгімесі


Фото: Александр Сонның жеке мұрағатынан

Кәріс жігіті Александр Сонның мемлекеттік тілге деген қызығушылығы мен құрметі бөлек. Ол бала кезінен қазақ тілін үйреніп, достары мен мектеп ортасы арқылы тілге деген сүйіспеншілігін қалыптастырғанын айтады. Өзі бүгінде Талдықорған қаласындағы «Ұлттық Ұлан» 5 514 әскери бөлімінің тіл маманы қызметін атқарып жүр. Отбасының рөлі, атасының өсиеті және мемлекеттік тілді меңгерудің жеке өмір мен кәсіби байланыстардағы маңызын әңгімелеген Александр Ult.kz тілшісіне мемлекеттік тілге қатысты ұйымдастырылатын жарыстар мен іс-шаралардың өзге этнос өкілдерінің қызығушылығын арттыратынын атап өтті.

– Александр, мемлекеттік тілге деген қызығушылығыңыз қалай қалыптасты?

– Балалық шағымнан басталды. Мен өзге этнос өкілдері арасында өстім, достарымның көбі қазақ балалары болды. Сол достарыммен бірге ойнап, сөйлесу барысында қазақ тілін үйрендім. Кейін мектепке барып, мемлекеттік тілде білім алдым. Сол кезден бастап тілге деген қызығушылығым арта түсті.

Жетісу облысы Қаратау ауданы Қалпе ауылында туғаннан кейін төрт жасымда көшедегі балалардан, көршілерден қазақ тілін ­үйреніп, әрі қарай бесінші сыныптан бастап қазақ мектебіне барғаннан кейін қазақ тілін толық меңгеріп, сөйлесіп, шыны керек достарымның арасында өзге ұлттар азды-көпті, көбісі қазақ балалар болды. Сол достарымның арқасында қазақ тілін үйреніп кеттім. 2017 жылы Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсіп, мемлекеттік тіл бағытындағы білімімді толықтырып, жетілдіріп, енді қазіргі таңда Талдықорған қаласындағы «Ұлттық Ұлан» 5 514 әскери бөлімінде тәрбие бөлімшесі деген бар, сол жерде мемлекеттік тіл маманы болып қызмет атқарып жүрмін.

– Сіз қазақ тілін үйренуге отбасылық тәрбиеден де әсер алғансыз ба?

– Иә, отбасылық дәстүр мен өсиет маңызды рөл атқарды. Атам бірде әкеме: «Қазақ халқына деген алғысыңды білдіргің келсе, тілін, дәстүрін үйрен, оны өзгелерге де жеткіз», – деп айтқан екен. Бұл сөздер менің ішкі дүниемде ұзақ уақыт қалып қойды. Сол өсиетті есте сақтап, қазақ тілін меңгеруге тырыстым.

– Мемлекеттік тілге қызығушылық қазіргі қоғамда қалай көрінеді?

– Бүгінгі таңда өзге этнос өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін білуге мүдделі. Жасыратыны жоқ, өзге ұлттардың көбі біледі, қазіргі таңда егер қазақ тілін білсең, көп жерде бізді көтермелейді. Жергілікті қазақ халқы көп қызығушылық танытады. Сондықтан да 100 пайыздың 75-80 пайызына Жетісу облысының этнос өкілдері қазақ тіліне қызығушылығы бар деп ойлаймын.

Жыл сайын ұйымдастырылатын тіл сайыстары, дөңгелек үстелдер арқылы бұл қызығушылық одан сайын артып келеді. Қазақ тілін білу әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Бұл адамдарға өздерін қоршаған ортада бағалатуға, байланыс орнатуға көмектеседі.

– Сіз, әсіресе, кәріс қауымының мемлекеттік тілге деген құрметін қалай сипаттайсыз?

– Кәріс қауымы әрдайым тіл мен дәстүрге құрметпен қарайды. Олар мемлекеттік тілге қатысты іс-шараларды тек қызмет бабымен емес, шынайы көңілмен өткізеді. Бұл олардың адалдығының, еліне деген махаббатының, қазақ халқына деген алғысының көрінісі. Барлық шараларды жоғары деңгейде өткізуге тырысады, әр әрекетіне жауапкершілікпен қарайды.

– Қазақ тілін меңгерген соң өз өміріңізде қандай өзгерістер болды?

– Тіл арқылы достарымның, әріптестерімнің сенімін арттыра алдым. Жеке және кәсіби өмірімде байланыс орнату жеңілдеді. Қазақ тілін білу – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мәдениетке, дәстүрге құрмет білдірудің тәсілі.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақбота Мұсабекқызы