06 қыр, 2016 сағат 09:16

Қазақ жері. "Шумахер ата-бабамыздың сүйегін қорлады..." (Видео)

Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысы аяқталды. Алайда, қазақ жерін ата-бабасынан қалған мұрадай қалауынша билеп-төстеген шетелдік Шумахердің шуы толастар емес.

Германия азаматы – Шумахердің Ақмола облысы аумағынан 34 мың гектар жерді иемденіп қана қоймай, сол маңдағы ауыл қазағын «жылқы ұрлайды» деп дәлел-айғақсыз ұры атандырғаны қай қазақты болмасын ашындыратыны хақ.

Міне, енді айдың-күннің аманында нақақтан «ұры» атанып шыға келген Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Өркендеу ауылының тұрғындары өздерін Шумахерге басындырып қоя алмайтындарын айтып, бас прокуратураға арыз жазыпты (суретте).

Суретте: 47 адам қол қойған Өркендау ауылы тұрғындарының неміс кәсіпкері Роберт Шумахердің үстінен бас прокуратураға жазған арыздары


 Видеода: Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Өркендеу ауылының тұрғындарының Шумахер туралы айтқандары


«ШУМАХЕР АТА-БАБАМЫЗДЫҢ СҮЙЕГІН ҚОРЛАДЫ»

Суретте: Өркендеу ауылының тұрғындары

Шумахер қазақ жерінің бір пұшпағы - 34 мың гектар жерге қожалық етіп қана қоймай, жердің айналасынан ұзындығы бір метр, тереңдігі бір жарым метр ұра қазып тастаған.

«Ұра қазу кезінде техника молаларды күреп кетті. Адам сүйектері табылды. Ол біздің ата-бабамыздың сүйегі. «Ұра қазуды тоқтатыңдар!» деген біздің сөзімізге ешкім құлақ аспады. Роберт Шумахер осындай адамдыққа шет әрекетімен ата-бабамызды қорлады» деп зарлап отыр Өркендеу ауылының тұрғындары. Бұл аз десеңіз, жуықта Шумахердің өкілдері келіп, шу болған мәселені журналисттерге түсіндірмекке талпынып, Шумахерге шаң жуытпай кеткен еді. Сонда заңгер Стручков: «Ол жерге жылқы өсіріледі. Жергілікті тұрғындарға мал өсіргеннен гөрі «Ақ Құлынның» малын ұрлау жеңіл еді. Мал ұрлығын болдырмау үшін ор қазылған еді» деген болатын. Ал, ауыл ақсақалдары  Стручковтың айтқандары тап-таза жала, ұрлық туралы жергілік ІІБ да бірде бір арыз жоқ, іс қозғалып көрмегенін айтады.

Шетелдіктің қазақтың жерін алып, ата-бабасының сүйегін күреп, қорлап, онымен қоймай сол маңдағы қазақты ұры атандырғанын жергілікті билік неге көрмей отыр? Неге әрекет етпейді?

ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ  ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫНА ПЫСҚЫРМАЙ МА?

Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысы жүріп жатқан тұста баспсаөзде көтерілген Шумахердің ісі жұрт назарына түсіп, қызу талқыланған. Содан кейін «жалмауызға да жан керек» дегендей, Шумахердің өкілдері заңгер Стручков, Есмағамбетов және Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдинов Шумахердің иелігіндегі жер тіркелген «Ақ-Құлын» ЖШС-ның директоры Шайхан Қасымбаевқа қысым жасап, 49 жылға берілген жерді 10 жылға, 20 жылға берілген жерді де 10 жылға, яғни, жалға алу мерзімін дереу қысқартып, келісімшартты қайта қарау жөнінде өтініш жаздырған. Бұл өтініш бір күннің ішінде қанағаттандырылып, барлық құжат рәсімдеу мәселелері бір-ақ күннің ішінде шешілген. Астын сызып айтатын нәрсе мынау: Қорғалжын ауданы әкімі мен неміс кәсіпкерінің өкілдері бұл істі ҚР Президентінің «Жер кодексінің кейбір баптарына 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий жариялау» туралы 06.05.2016  қол қойылған №284  жарлығы жарияланғаннан кейін іске асырған. Президент жарлығын бұзу – заңға бағынбау! Жарлыққа пысқырмау – Президентке оның жарлықтарына мойынұсынбау! Осылайша, Қорғалжын ауданы әкімі жарлыққа пысқырмай, өзін қазақ жерінің қожайыны сезініп, Шумахердің шашбауын көтеріп жүр.

Қысым жасалған соң, амалсыз Президент Н.Назарбаевтың жарлығына қайшы, заңсыз әрекетке барған «Ақ-Құлын» ЖШС-ның директоры Шайхан Қасымбаев басын арашалау үшін бас прокуратураға арыз жазған. Онда Қасымбаев барлық жағдайды жаза келіп, бас прокуратурадан Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы әкімі Қайыр Рыскелдинов пен Шумахердің өкілдері Стручков, Есмағамбетовтердің әрекеттерінің заңдылығын тексеріп, жауапқа тартуды сұрайды (суретте).

"Ақ-Құлын" ЖШС-ның директоры Шайхан Қасымбаевтың Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдинов және Роберт Шумахердің өкілдері Стручков, Есмағамбетовтардың үстінен бас прокуратураға жазған арызы

Әкім араласқан істің мұндай асқан шапшаңдықпен біткеніне таң қалған Өркендеу ауылының тұрғындары «жер туралы келісімге кішкене ғана өзгеріс енгізуге жергілікті жұрт он жылдап жүреді», ал Шумахерге келгенде бір-ақ күн жетеді екен дейді.

Міне, осындай өрескел заңсыздықтар мен ата-бабаны, оның ұрпағына мұра етіп қалдырған жерін қорлағандардың әрекетіне тексеріс жасап, тоқтам салуды сұраған Өрлеу ауылының 47 тұрғындары қол қойып, бас прокуратураға арнайы арыз жазды.

Біз бұл мәселені назардай ұстайтын боламыз.

Нұра Матай

Abai.kz