11 қыр, 2025 сағат 18:09

Қазақстан мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашыла бастады

Фото: ҚР ОАМ

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі мектептерде алғаш рет стоматологиялық кабинеттер жұмысын бастады. Бұл бастама Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазіргі таңда мұндай кабинеттер 150 мектепте ашылды. Жыл соңына дейін тағы 90 кабинет іске қосылады. 2028 жылға дейін мыңға жуық мектеп заманауи стоматологиялық кабинеттермен қамтылмақ. Бұл кабинеттерде тіс ауруларының алдын алу, ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау және санитарлық-ағартушылық жұмыстар жүргізіледі.

Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап мектеп асханаларында тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Денсаулық сақтау ұйымдары мәзірдің сапасын бақылауды өз қолына алды. Жаңа стандартта тұз бен қант мөлшеріне шектеу қойылып, балалардың рационына пайдалы тағамдар қосылды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордалық мектептерге барып, осы жаңашылдықтардың жүзеге асырылуын тексерді.

Айта кетейік, бүгінде 1–4 сыныпта оқитын 1,8 миллионнан астам бала және әлеуметтік осал топтағы 5–11 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.