07 нау, 2026 сағат 13:55

Қазақстан мектептеріне «Day of AI Qazaqstan» бағдарламасы енгізіледі

Фото: ҚР ОАМ

Қазақстан мектептеріне жасанды интеллект бойынша жаңа бағдарлама енгізіледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы тапсырмасына сәйкес, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Massachusetts Institute of Technology (MIT) университетімен бірлесіп «Day of AI Qazaqstan» бағдарламасын жалпы орта білім беру жүйесіне енгізуді бастады.

Жаңа бастама оқушыларға жасанды интеллекттің қалай жұмыс істейтінін, оның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін, сондай-ақ оны қолданудағы жауапкершілік мәселелерін түсіндіруге бағытталған. Сонымен қатар математика, физика, химия, биология, жаратылыстану және информатика пәндерін жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы оқытудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Бұл оқыту процесінің практикалық бағытын күшейтіп, визуализация мүмкіндіктерін арттыруға және жобалық жұмыстардың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама екі кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде оқушылар мен мұғалімдердің жасанды интеллект бойынша базалық сауаттылығын қалыптастыру көзделген. Оқу мазмұны жасанды интеллекттің негізгі ұғымдарын, оны қолдану мысалдарын және этика мәселелерін қамтиды. Педагогтерді даярлау каскадтық модель арқылы жүргізіледі: алдымен мұғалім көшбасшылар оқытылып, олар кейін MIT тарапынан сертификат алып, білімдерін әріптестеріне таратады. Бағдарламаны Қазақстан жағдайына бейімдеу үшін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мамандары мен сарапшылардан құралған жергілікті команда жұмыс істеп жатыр.

Екінші кезеңде барлық сыныптарға арналған жасанды интеллект бойынша толыққанды пәнаралық оқу бағдарламасы әзірленеді. Жоба қазақстандық педагогтер мен MIT RAISE (Responsible AI for Social Empowerment and Education) командасының бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама алдымен пилоттық режимде сынақтан өтіп, кері байланыс негізінде жетілдіріледі. Әр оқу жылына арналған жасанды интеллект сауаттылығы модульдері 8–10 сабақтан тұрады және бір тоқсанға есептелген.

Сабақтар ЮНЕСКО және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әзірлеген халықаралық жасанды интеллект сауаттылығы шеңберлеріне сәйкес есептеу және цифрлық бағыттағы пәндерге енгізіледі. Курсты оқу процесіне толық енгізу 2028 жылдың тамызына дейін жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру үшін нормативтік және әдістемелік база әзірленуде. Оның аясында үлгілік оқу бағдарламаларын жаңарту, оқу-әдістемелік кешендер дайындау, бағалау құралдарын енгізу, педагогтердің біліктілігін арттыру және білім сапасын мониторингтеу жүйесін қалыптастыру қарастырылған.