Фото: Liter.kz
Қазақстан мен Венгрия жоғары оқу орындары су ресурстарын басқару және су дипломатиясына басымдық берілген қос дипломды магистратура бағдарламасын іске қосты. Жоба Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған су саласында білікті мамандар даярлау тапсырмасын орындау аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды Ult.kz.
Бағдарлама Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен венгриялық Корвинус университетінің бірлескен жұмысының нәтижесінде әзірленді.
Биыл тамызда Еуропалық комиссия Erasmus Mundus Design Measure бағдарламасы аясында 60 мың еуро грант бөлген. Ол су ресурстары мен су дипломатиясы бойынша интеграцияланған бірлескен магистратураны әзірлеуге жұмсалмақ. Консорциумға Еуропаның үш және Орталық Азияның төрт университеті қатысады, олардың қатарында ҚазҰСШИУ де бар.
Қазан айының соңында Будапештте сарапшылардың алғашқы кездесуі өтеді. Алдағы 15 ай ішінде толық әзірленген бағдарлама Еуропалық комиссияға ұсынылады. Егер ол мақұлданса, жалпы бюджеті 5 млн еуроны құрайтын, ұзақтығы алты жылға созылатын халықаралық магистратура іске қосылады.
Сонымен қатар консорциум аясында су ресурстарын басқару және су дипломатиясы жөніндегі Бірлескен орталық құру жоспарлануда. Оның бас кеңсесі Тараздағы ҚазҰСШИУ-де орналасады.
«Бұл бағдарлама студенттерге халықаралық келіссөздер жүргізу, жанжалдарды талдау және су ресурстарын әділ басқаруға қатысты заманауи практикалық дағдылар береді», – деді университет ректоры Кәмшат Түсіпова.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бүгінде салалық мамандықтар бойынша 2500-ге жуық студент оқып жатыр. 2025 жылы су шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибеден өткен студенттердің саны 450-ге жеткен.
