23 жел, 2025 сағат 11:14

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында өмір сүру ұзақтығы бойынша көш бастады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімді азайту көрсеткіші бойынша алғашқы он елдің қатарына енді, деп хабарлайды Ult.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш төрттен біріне қысқарған. 

Денсаулық сақтау министрлігінде мұндай нәтижелерге алдын алу шараларының, ерте диагностиканың және созылмалы ауруларды тиімді емдеудің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.

Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасының Адами даму индексінде де көрсеткіштер жақсарған. Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 60-орынға көтеріліп, бір жылда 7 сатыға жоғарылаған.

Өлім-жітім деңгейі де төмендеп жатыр. Жалпы көрсеткіш шамамен 3%-ға, ал нәрестелер өлімі 20%-дан аса азайған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміздегі 18 перинаталдық орталықта “бір күндік емханалар” жұмыс істейді. Мұнда жүкті әйелдер барлық қажетті тексеруден бір ретте өтеді. Осындай клиникалардың қызметін қазірдің өзінде шамамен жүз мың қазақстандық әйел пайдаланған.

"Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін анықтау деңгейі 13%-ға артты, пренаталдық скринингпен қамту 8%-ға ұлғайды, даму ақауларынан болатын нәресте өлімі 15%-ға, ал даму аномалияларынан туындайтын бастапқы мүгедектік 7,5%-ға төмендеді. Бұл оң динамика алғашқы медициналық-санитарлық көмектің күшеюі, неонаталдық скринингтердің енгізілуі, әмбебап патронаж қызметінің жұмысы және жалпы алғанда ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасының артуы нәтижесінде қалыптасты", – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.


Сондай-ақ, ана өлімі 12%-ға азайып, тарихи ең төменгі деңгейге жетті. Бұл "Аналар саулығы" бағдарламасының нәтижесі дейді ведомство. Жүктілікке саналы көзқарас 23%-ға артты: бұл ретте әйелдің, қажет болған жағдайда ерлі-зайыптылардың денсаулығы жүктіліктен бұрын тексеріледі. Жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 22 облыстық перинаталдық орталықта ұрықты қорғау орталықтары құрылды. Олар жүкті әйелдерді мамандандырылған тексерулер мен емдеуге жедел бағыттауға мүмкіндік береді.