23 қаң, 2026 сағат 18:02

Қазақстанда 3 мыңға жуық жетім бала отбасына орналастырылды: қамқоршыларға бақылау күшейтілді

Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде шамамен 3 мың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала отбасыларға орналастырылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қамқоршылардың сенімділігін бағалау мен бақылаудың жаңа моделін енгізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Соңғы 10 жылдағы статистика институционалдық емес, яғни отбасылық тәрбиелеу формаларына көшу қарқынының артқанын көрсетеді. Осы кезеңде интернаттық ұйымдар желісі 24%-ға қысқарып, ондағы тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайған.

Отбасылық тәрбиені дамыту қорғаншылық және қамқоршылық органдары жұмысының сапасын арттыруды талап етті. Соның нәтижесінде аталған органдардағы мамандар саны 3,3 есеге өсіп, 303 қызметкерден 1028 маманға дейін жетті. Бұл әрбір отбасына жеке сүйемелдеу жүргізіп, балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын жан-жақты бақылауға мүмкіндік берді.

2025 жылдан бастап заңды өкілдерді іріктеу талаптары да күшейтілді. Енді қамқоршылар жыл сайын міндетті кешенді тексеруден өтеді. Ол табыс көздерін растауды, денсаулық жағдайын, тұрғын үйдің талапқа сәйкестігін және соттылықтың болмауын қамтиды. Қандай да бір тәуекел факторлары анықталған жағдайда қамқоршылық міндетінен дереу шеттету көзделген.

Сонымен қатар балаларды қолдаудың баламалы тетігі ретінде тәлімгерлік институты да дамып келеді. Қазіргі таңда еліміздің 20 өңірінде 360-тан астам тәлімгер жұмыс істейді. 2025 жылдан бастап олар үшін міндетті кәсіби сертификаттау енгізілді. Бұл ретте баланың туыстық байланыстарын сақтау басты басымдық ретінде қарастырылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 20 798 бала бар, олардың 82 пайызы отбасылық ортада тәрбиеленіп жатыр.